Дін мен дәстүр: қой малының діндегі және дәстүрдегі орны

Dalanews 15 қар. 2017 06:30 615

Қазақ халқының ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрінде төрт түлік малға қатысты айтылған мақалдар, мәтелдер, сөз тіркестері және басқа да әдет-ғұрып көп. Өте көп. Бабаларымыз ішсе – азық, мінсе – көлік жан-жануарларды әрқашанда қастерлеп, өзіндік тұрмыс-ғұрпында өсиетке айналдырып, мақалдатып айтып отырған екен. Бұлай деуіміз бекер емес.Осыған қатысты қазақ ғалымдары өздерінің ғылыми зерттеулерін сонау ықылым заманнан бері барынша талдау жүргізген.

DSC_0009Батыржан МАНСҰРОВ,


ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша


өкілі және «Иманғали» орталық


мешітінің бас имамы


Мәселен, жан-жануарлардың халқымыздың салт-дәстүріндегі орны мен маңызы жайында атақты ғалым Б. Қалиев былай дейді: «Қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері сан алуан және олар халық өмірінің, тұрмыс-тіршілігінің барлық салттарына қатысты. Қазақ халқы әсіресе, төрт түлік малға байланысты әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерге өте бай. Оның бәрі халық тілінде, мифологиясы мен фольклорында, аңыз әңгімелері мен тұрмыс-салт жырларында, ертегілерінде сақталған».

Бабаларымыз, кей уақыттары адам жасының ұзақтығын да малмен байланыстырып отырғандығын белгілі ғалымдар А.Тоқтабай, Ж.Сейтқұловалар: «Қозы жасы – қозы баға алатын жас баланы (еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы), қой жасы – 15 пен 20 жастың арасы («қой бақтыруға болады деген ұғымнан шыққан»), жылқы жасы – 25-45 жастың арасы т.б. болып келеді», – деген пікір білдіреді.
Өздеріңіз білесіздер, қой шаруашылығы – халқымыздың ықылым заманнан бері келе жатқан тарихи һәм дәстүрлі мал шаруашылығының бірі. Өткен дәуірде де, қазір де болса, қазақтың тұрмысы, тіршілігі күнкөріс көзі осы қой шаруашылығымен тікелей байланысып жатыр деуге негіз бар. Бабаларымыз: «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл – көсір» деген сөзінде біле білсек өте терең мағына бар. Сонымен қатар, ақеділ тілектің бірі ретінде жиі айтылатын: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық» деген ұғым да осы қойға қатысты айтылған. Ал он саулықтың басын құрайтын кәсіптің иесі еңбектеген балаға дейін біледі. Ол – қойшы немесе шопан.
Біз мұны неге айттық? Осы ретте халқымыздың күнделікті бір кездегі тұрмыс-тіршілігінде айрықша рөл ойнаған, соның нәтижесінде ауызекі әдебиетінен, мақал-мәтелдерінен орын алған қой жануарының символикасын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде келген сипаттамасына тоқталып көргенді жөн көрдік.

Қой. Қазақ халқы қандай жағдайда болмасын, мейлі, ол той-томалақ болсын, мейлі, Құдайы ас болсын, мейлі, шыр етіп дүниеге келген шақалақ болсын, тоқ етерін, барлық уақытта қой союды, оны құрбандыққа шалуды өзіндік дәстүрге айналдырғаны белгілі. Тіпті, халық қойды ортаңғы әлемнің символы ретінде қараған.

Бұл ретте белгілі зерттеуші С.Ғалымбекқызы:
«Қонақ келсе, қой сойып, дәмнің тәттісін баласына бермей қонағына сақтаған қонақжай халқымыздың босағасын аттаған кісіге алдымен соятыны – қой. Сондықтан да болар, аталарымыз қой мен ешкіні бір сөзбен «жандық» деп атаған. Мысалы, ауыл сыртында жайылып жүрген «бес-алты» қой, ешкіні үлкен кісілер бөліп-жармай, «бес-алты жандық жүр» дей берген», – дейді .

Иә, солай. Бабаларымыз қойдың әр түріне қарай оны бағу әдісі мен көбейтудің жолын бүге-шігесіне дейін жіті меңгерген.
Мысалға, сойылған қойдың әр мүшесін келген мейманға қарай қояр жолы бар. Айталық, қойдың басын – көнекөз қарияға берсе, құлағын – жас балаларға, ал тілі мен таңдайы – бойжеткен қыз бен бозбалаға, төсін – күйеубалаға тартқан.

Бұған қоса, қой малының да жылқы сияқты жасы мен түріне қатысты белгілі бір атаулары бар. Мәселенки, «Қошқар болар қозының маңдайы дөң келер, адам болар жігіттің төңірегі кең келер»; «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» және т.б.

Тағы бір қызық дерек қошқардың танымы жайында әйгілі Ә.Марғұлан былай деген: «Қошқар ең негізгі төтем ретінде күш пен билікті білдірген. Ежелгі тайпа басшылары қошқардың екі мүйізімен әшекейленген бас киім киген».

Бұл ретте қой малына қатысты бірнеше мақал-мәтелдерді мысалға келтіре кетсек артық болмас:

«Қой алты күн аштыққа шыдайды»; «Ақсақ қой жатып семіреді»; «Тойған қозы момақан»; «Қой семіз болса, ішіндегісі егіз болады»; «Қой өрісі – қорадан»; «Қой үріккен жағына беттемейді»; «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады»; «Қой ақсағымен мың болар»; «Қойың болмаса, байлықта ойың болмасын»; «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір»; «Қос аттылымен қол көбейеді, қозысымен қой көбейеді»; «Қораң оңды болса, қойың оңды болады»; «Жақсы қошқар жарты отар қойға тең» және т.б.

Байқар болсаңыз, осындай мақалдарға қарай отырып, қой екеш қойдың тоқшылықтың, тыныштықтың және молшылықтың символы ретінде жүретінін сеніммен айтуға болады.

Қой – жәннаттың жоғарғы жануары


Ендіге жерде Құранған кезек берсек. Қой жануары қасиетті Құранда төрт жерде кездеседі екен. Ал пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде бір емес, бірнеше жерде кездеседі.
Әлбетте, қой малы хадистерде өзге жануарлар секілді жақсы, жуас, пайдалы әрі адал мал түрінде айтылған.

Ибн Омар жеткізген деректе пайғамбар (с.ғ.с.) қой жайында былай дейді:

«Қой – жәннаттың жоғарғы жануары» . Тағы бір хадисте: «Мүминнің мысалы ине жұтып қойған қой секілді», – дейді .
Міне, осы сияқты хадистерді оқи отырып, қой жануарының жуастық пен момындық символикасы екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар бұдан басқа хадистерде қой жануары қарапайымдылық және тазалықтың символы ретінде баяндалған.

Мәселен, мына хадисте былай делінген: «Алла елшісінен түйе етін жегеннен кейін дәрет алу жайында сұралған еді: «Түйе етінен кейін дәрет алыңдар», – деді. Ал қой етінен кейін ше деп сұралған еді: «Қой етінен кейін дәрет алудың қажеті жоқ», – деп жауап берді.

Сосын түйелердің жиналып тұрған жерінде намаз оқу жайында сұрап еді, пайғамбар: «Түйелердің топталып жиналып тұрған жерінде намаз оқымаңдар. Өйткені, ондай жерлер (орындар) шайтандардың да жиналып, кездесетін жерлері», – деп айтты. Сол секілді қойлардың жиналып тұратын жерлерінде намаз оқуды сұраған кезде: «Ондай жерлерде намаз оқыңдар, өйткені, қой – береке» деп жауап берді» .
Жәннаттан қой малын нәсіп етті.

Бұдан артық қандай дәлел керек. Хадистердің өзі айтып тұр. Қой малының береке мен молшылық әкелетін түлік екенін...

Білетін болсаңыз, Құдайдың бұйрығына бас иген қос пайғамбар Ибраһим мен баласы Исмайылдың тарихынан да қой малын кезіктіруге болады. Бауыр еті баласын құрбандыққа шалу бұйрығын алып, сынағынан сүрінбеген Ибраһим пайғамбарға Алла тағала былай деді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз». Алла тағаланың сынағаны болмаса, Исмайылдың құрбандыққа шалынуының орнына жәннаттан қой малын нәсіп етті.

Бұдан нені аңғаруға болады? Бұдан дәстүрі мен дінін сабақтастыра білген, дәстүрі арқылы дінін дәріптей білген қазақ халқының көрегендігін аңғаруға болады. Бабаларымыздың қой малын ерекше қастерлеуінің астарында осында ұстындар жатты. Данагөй бабаларымыз дәстүр аясында жыл атауына қойдың есімін берді.

Тарихқа үңілсек, қой жылы жалпы адамзат баласы үшін өте жайлы жыл болған. Шынымен де, жылнаманы кері айналдырып қарасақ, өткенде дәуірлердегі қой жылдарында бірде-бір сұм соғыс, не бір қырқи-қабақ қақтығыс болмаған екен. Алдағы күннен тек жақсылықты, жақсы бастамаларды үміт еткен бабаларымыз қой жылынан жайлылықты, қуаныш пен құт-берекенің көп болуын қалап, қой жылын жауын-шашыны мол жылдардың қатарына жатқызды.

Ал қазақ қандай? Иә, бізді қойдан жуас деп сипаттайды. Мұның сыры неде? Мұның мәні неде? Біздің мұның түп мағына қазақтың исі мұсылманға тән момын әрі ынтымақшыл, береке-бірлікті сүйгіштігін айғақтап көрсетсе керек. 

 

 

Ұсынылған
Гений
Гений 06 сәу. 2015 01:15
Соңғы жаңалықтар
x