Алғашқы түлектер қанат қақты

Dalanews 18 мау. 2015 02:17 302

Назарбаев Университеті  – еліміздің маңдай алды білім ошағына айналып үлгергені белгілі. Университеттің үздік студенттеріне дипломдарын табыс еткен Президент оқу орын түлектері Қазақстанды болашақта түбегейлі жаңартуға, «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуы керектігін алға тартты.

2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент тәмамдап отыр. Жалпы, оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жеткен. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады. Салтанатты шарада Елбасы:

– Баршаңызды осынау тарихи сәтпен және университеттің алғашқы мерейтойы бес жылдығымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Болашақта сан мыңдаған түлектер үшін сан ғасырлық мерекелер жасалатын болады. Себебі, Назарбаев Университеті – Мәңгілік елдің маңдай алды білім беру ошағы. Бүгінде еліміздегі мыңдаған студенттер дипломдарын алып жатыр. Мен осы мінберден еліміздің барлық түлектерін құттықтаймын. Жас мамандардың өмірден лайықты орындарын табуына тілектеспін! – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Елбасы ЮНИСЕФ бағалауы бойынша Жастарды дамытудың жаһандық индексінде Қазақстан көшбасшы елдердің арасында 27-орынды иелене отырып, алғашқы отыздықтың арасында екенін, сондай-ақ бұл жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Назарбаев Университетінің жаңа бес қабатты ғимараты ашылған. Айтулы оқу орын қазір интеллектуалды қазақ жастарының орталығына айналуда. ХХІ ғасырда білім мен ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Мұны жете түсінген жастарымыз бар қажыр-қайратын білім алуға жұмсап келеді. Қазақ жастарының білімге деген құштарлығын байқаған Елбасы әлемдегі ғылыми орталықтардан кем түспейтін оқу ордасын ашып, білікті ұстаздар алдыртты. Бұл Елбасының жастарға жасаған үлкен сыйы десек, қателеспейміз. Дипломын қолына алған Назарбаев Университетінің түлегі Ербол Алшынбаев көкірегін кернеген қуанышты былайша жеткізді:

– Назарбаев Университеті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қолдауымен пайда болған оқу орны. Бүгін біз Елбасының қолынан диплом алып, үлкен жауапкершілік жүгін арқаладық. Менің қатарластарым алдағы уақытта еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, экономикалық дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазақстанда осындай әлемдік деңгейде білім беретін оқу орнын ашып, қазақ жастарына мүмкіндік берген Президентімізге алғыс айтамын, – деп өзінің ризашылығын білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x