Қазақ ғалымдары сенсация жасады!

Dalanews 02 қыр. 2015 23:11 312

Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп оларды екінші қайтара кәдеге жарату үшін дүниежүзі ғалымдары түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдарда еңбектеніп, өзінің ғылыми-зерттеулерін жұртшылық назарына ұсынып келеді. «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы қазақстандық ғалымдар пластмасса қалдықтары мен жарамсыз автокөлік дөңгелектерінен синтетикалық майларын алудың тың тәсілін ойлап тапқанын мәлім етті.

Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласындағы маңызды ғылыми жаңалықты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Жаңа химиялық технология мен материалдар ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ойлап тапқан. Е.А. Әубәкіров жетекшілік жасаған ғылыми-зерттеу жұмысына Ж.Х. Ташмұхамбетов, Г.В. Абрамов, Т.С. Әбділдин, Ж.Т.Ешов сынды білікті ғалымдар өз үлестерін қосқанын айта кетуіміз керек. Осылайша отандық ғалымдар пластмасса мен резинақұрамдас қалдықтарды каталитикалық өңдеу технологиясын ойлап тауып, синтетикалық сұйық отын алуға қол жеткізді. Қазіргі таңда бұл ғылыми жаңалыққа дүниежүзі ғалымдары да айрықша қызығушылық танытуда. Ғалымдар резинақұрамдас және  пластмасса қалдықтарды гидрогенизациялық  өңдеудің технологиялық режимін  оңтайландырып, катализаторларды  таңдау  мақсатында  жүргізілген  зерттеу жұмысы  ғылыми ортаның назарын аударып отыр. Осылайша жоба елімізде қалдықсыз технологияларды жетілдірудегі маңызды қадамның біріне айналды.

Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын жүздеген мың тонна резинақұрамдас және  пластмасса қалдықтар жиналатыны белгілі. Қоқыс күресіндерде тау болып үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар түрлі заттармен әрекеттесіп, топырақтың беткі қабатын улайтыны белгілі.  Сондықтан оларды өңдеп, екінші рет кәдеге жаратаудың маңызы зор. Егер отандық ғалымдардың ашқан жаңалығын өндірістік деңгейде қолдау тапса, тұрмыстық қалдықтардан көмірсутек пен түрлі жанғыш синтетикалық сұйықтықтар алуға болады екен. Келешекте тың технология өндірістік деңгейде іске асса, экологиялық мәселе мен білгілі мөлшерде отын энергетикасын алып, бір оқпен екі қоян атарымыз анық.

Шина

Кең байтақ елімізде 200 млн. тоннаға дейін резинақұрамдас және полимерлі тұрмыстық қалдықтар жинақталғанын ескерсек, тау болып үйілген қоқыстан қаншама пайда табуға болатынын аңғаруға болады. Осы қалдықтарды өңдеп, миллиондаған тонна мұнай мен миллиондаған кВт қуат көзін үнемдеудің де мәні зор.

Мамандардың сөзіне сенсек, қазіргі таңда елімізде жарамсыз болып қалған көлік дөңгелектерін ұнтақтап, жолға төсеніш ретінде пайдалануда. Жармсыз  шиналардан жасалынған қоспа жолдың ұзақ уақыт пайдалану мүмкіндігін арттырған, сонымен жолдардың шуылды мейлінше азайтқан.  Ал пластмасса қалдықтары өңдеу ісі елімізде ешқандай жоба жоқ. Бұл ретте ел Үкіметі ҚазҰУ ғалымдарының жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, оның өндірістік деңгейде іске асыруға қолдауы көрсетуі керек. Ғалымдар өз жобалары мемлекет пен ірі инвесторлар тарапынан қолдау тапса, елімізде матор майларының бағасы төмендеп, қосымша жұмыс орындары ашылатынын айтуда.

Әдетте күресінге тасталған көлік шиналары 100 жылға дейін айналасына улы заттар бөліп, жата беретіні белгілі. Ол жауын-шашын суымен әрекеттесіп, жылдар бойы бензопирен, дифениламин, дибутилфталат, фенантрен сынды органикалық токсиндер бөлетінін ғалымдар анықтаған. Бүгінде көшеде жүйткіп жүрген әрбір көлік әрбір 2 жылда шиналарын тоздырып, күресінге лақтыратынын ескірсек, қоқыстан қаншалықты пайда табуға болатынын байқауға болады.

Бүгінде экономикасы барынша өркендеген АҚШ-та жыл сайын 203 млн. дана дөңгелеке қоқысқа айналады екен. Оның 190 млн. жеңіл көліктердің шиналары болса, 47 млн. жүк көліктері мен өзге арнаулы техникалардың үлесіне тиеді. Американың қоршаны ортаны жанашыларлары қоқысқа айналған көлік шиналарының жалпы саны 2 млрд. жеткенін айтып, дабыл қағауда. Қазір бұл мәселемен АҚШ билігі күресіп жатыр. Олар жыл сайын күресінге тасталған шиналардың 50 пайызын өңдеп, кәдеге жаратуда. Бұл бағытта Еуроодақ пен Жапонияда жақсы нәтижеге қол жеткізгенін айта кетуіміз керек. Алдағы уақытта Қазақстанда отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын пайдаланып, еліміздегі көлік шиналарын екінші қайтара өңдеуге күш салуы керек.

Дүниежүзілік статистикаға назар аударсақ, дамыған елдер пайдаланған көлік шиналарының 16 пайызын дамушы елдерге экспорттаса, 12 пайзын қайтадан қалыпқа келтіреді, 9 пайызын регенерациялайды,  тағы 9 пайызын азаматтық құрылысқа пайдаланса, 19 пайызын цемент пештерде өртейді екен. Ең басым бөлігі 36 пайызы күресінге тасталынады екен. Тек 4 пайызынан ғана қуат өндірілетіні мәлім болып отыр. БҰҰ қоршаған ортаны қорғауға қатысты Рио-де-Жанейро қаласында өткен конференциясында экологтар 2025 жылы дүниежүзі бойынша жарамсыз көлік шиналары 4-5 есеге артып, үлкен экологиялық мәселеге айналатынын айтқан болатын.

Нұрлан Жұмаханов, «ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x