Талдықорғанда «Манас» III халықаралық форумы өтті

Dalanews 01 шіл. 2019 15:41 300

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы жыл сайын дәстүрлі түрде қазақ-қырғыз зиялыларының форумын ұйымдастырып келеді.

Аталмыш форум биыл да өз жалғасын тауып, киелі Жетісу жерінде  ұйымдастырылды.

Форумның ашылу салтанатына Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Султан Раев, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев және облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы қатысты. Сонымен қатар жиынға елшілер мен дипломаттар, көрнекті ғалымдар мен ақын-жазушылар, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлеріде арнайы келді.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік салаларды дамыту жөнінде әңгіме өрбіді.

Алдымен сөз Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаевке берілді.

«Облыс орталығы Талдықорған қаласына бірінші келіп отырмын. Қалаларыңыз өсіп, өркендеп, экономикалық жағынан дамып келе жатқан көрікті шаһарлардың біріне айналуда екен. Жақында елдеріңіздің жаңа Президенті сайланды. Құттықтаймыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Бішкекке келді. Онда Шанхай Ынтымақтастық ұйымының XII саммитіне қатысып, Қырғыз Президентімен кездесіп қайтты. Қазір қос елдің достық қарым-қатынасы нығайып, саяси, сауда-экономикалық және мәдени жағынан байланыстар өркендеп келеді.

Алып Алатаудың арғы-бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден өрісі бір бауырлас халық. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде туризмді дамытуға мүмкіндіктер қарастырылуда. Ыстықкөлге Алматы облысынан адам көп келеді. Демалушыларға өз алғысымызды білдіреміз. Қазақстандық туристерге есігіміз әрдайым ашық. Қос елдің табиғаты да бір-біріне ұқсайды. Бұл туризмді, әсіресе ауыл, соның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға ерекше септігін тигізуде. Сондықтан, сіздермен бірлесе жұмыс істеп, ынтымақтастығымызды өркендетуге әзірміз», -деп түйіндеді.

Үшінші форумның Талдықорған қаласында өткізілуінің де өзіндік тарихи себебі бар. Қырғыздың барша әлемді таңқалдырған ұлы «Манас» эпосы барлық түркі халықтары үшін, оның ішінде қырғыз бен қазақ үшін ерекше мұра екендігі айтпаса да түсінікті.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1856 жылы «Манас» эпосын тұңғыш рет қағазға түсірді. Арадан ғасыр өткеннен кейін, 1952 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Манас» эпосын ескінің қалдығы деп қаралаушылардан қорғап қалды. Ұлы Мұхтар мен оның ізбасар інісі, ұлы қаламгер Шыңғыс Айтматовтың аға-інілігінің, ұлы достығының дәнекеріне айналған «Манас» эпосына бүгінгі форумның арналуы екі халықтың арасындағы достықтың да символы іспеттес.

Осы орайда биылғы алқалы басқосуды ұйымдастыра отырып, бауырлас екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды жандандыруға қомақты үлес қосқан Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Батталовқа сөз берілді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы жыл сайын дәстүрлі түрде қазақ-қырғыз зиялыларының форумын ұйымдастырып келеді. Биылғы форумның киелі Жетісу жерінде жалғасын табуы - біз үшін үлкен мерей. Қазақ-қырғыз тарихының тамыры тереңде жатыр. Ежелден бауырлас елдің тұтас тарихына зер салсақ, қаншама ұлы адамдар, батырлар мен билер шыққан. Олардың асыл мұраларын сақтап, рухына тағзым ету -ұрпақ парызы», - деді.

Екі күнге жоспарланған форум Алматы облысының Кер­бұлақ ауданында жалғасты. Шоқан мәңгілік тыныс тапқан мекенде меймандарды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен Кербұлақ ауда­нының әкімі Махаббат Бигелдиев күтіп алды. Екі ел зия­лыларының тобы осы өңір­де Шо­қан Уәли­хановтың мемо­риал­дық кешеніне тәу етіп, «Манас» фес­тиваліне қа­тысты. Фес­ти­валь­де қазақ-қыр­ғыз жыршы­лары «Ма­нас» жы­рын жатқа айтудан жа­рысқа түсті.

Айта кету керек, қазақ-қырғыз зиялыларының форумы дәстүрлі түрде жыл сайын Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылуда. Аталған форумның алғашқысы Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 25 сәуірінде Астана қаласында «Айтматов тағылымы» деген атаумен өткізілген болатын. Ал екі ел зиялыларының келесі форумы Ыстықкөл жағалауында өтетін болады.

 

 

Балжан Жұманбекова

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x