Мониторингтік бақылау – баға тұрақтылығының кепілі

Dalanews 20 мам. 2019 10:31 262

Нан, қант, ұн мен ет – қарапайым тұтынушы себетіндегі негізгі тауарлар. Оның өзін кейбіреулер сатып ала алмауы мүмкін. Осындай жағдайды ескеріп, бағаны тұрақты сақтаудың орнына кей кәсіпкерлер арасында әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасын аспандатып, өз дегенін жасайтындар жоқ емес. Сондықтан бағаның тұрақтылығын бақылап, оның орынсыз өсуіне жол бермеу мақсатында орталық базар мен аудандағы ірі сауда үйлеріне түрлі сала мамандарынан құралған арнайы топ мониторингтік бақылау жүргізіп отырады.

Аудан әкімдігі жанынан құрылған бақылау комиссиясы белгіленген сауда орындарын аралап, жоспарлы түрде бағаның тұрақтылығын тексеріп тұрады. Дәл осындай жұмыс өткен аптада ұйымдастырылды. Жұмыс әдеттегідей, алдымен аудан орталығындағы «Диас» сауда үйінен бастау алып, ары қарай Шу қаласында орналасқан «Халық», «Қазына» сынды ірі сауда орталықтарын аралаумен жалғасты. Комиссия құрамында аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Болатжан Төлендиев және аудандық статистика және мемлекеттік кірістер басқармаларының мамандары болды. 33 әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішіне нан, қант, күріш, ұн, макарон, ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектер және тағы басқалары кірді.

Осы тексеріс нәтижесінде, аудандағы сауда үйлерінде нан мен қанттың бағасы шарықтап тұрғанын байқадық. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі көрсеткен бағада қанттың бір келісі – 209 тг,  ал дәл осы тауар «Диас» сауда үйінде – 280 тг, «Халықта» - 270 тг, «Қазынада» - 275 тг.  Нанның бағасы бір аптаның ішінде 10 теңгеге өскен. Бұл келеңсіздікті жою үшін комиссия мүшелері кәсіпкерлерге еркерту жасады. Өз себептерін түсіндірген  жеке кәсіп иелері қант бағасының қымбаттауы көтерме бағаға, яғни, өнім өндіретін өндірістен келген бағаға байланысты десе, нан бағасының өсуі наубайханадағы бағаның қымбаттауынан дегенді айтып ақталды. Қарап отырсақ, кейбір азық-түлік пен көкөніс өнімдерінің басым бөлігі өз өңірімізден, тіпті, Шу ауданының өзінде өндіріліп жатады. Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары жылыжай арқылы қияр, қызанақ өсіру қолға алынып, жақсы өнім алынуда. Сондай-ақ, ауданда пияз өсіру де жоғары деңгейде. Арпа мен бидайдың да көлемі едәуір. Сондықтан да арнайы комиссия мүшелері аудандағы көк базар мен сауда үйлері халық көп тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасын шарықтатпауды тапсырды.

 

Шу ауданы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x