Шараға аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Дархан Тәттібеков, аталмыш мектеп директоры Айжан Тастанова қатысып, оқушылардың білім-біліктілігін бағалады. Қатысушылар алғашқы «Таныстыру» кезеңінде өз тобының мүшелерімен, ұранымен таныстырып, эмблемасы туралы қысқаша түсінік берді. Екінші «Кім жылдам кезеңінде» оқу барысында өткен тақырыптар бойынша 10 сұраққа жылдамдық таныта отырып, жауап берді. «Жобаны қорғау» кезеңінде үй тапсырмасы ретінде берілген жұмыстар бойынша робот макетін құрастырып, оны жарнамалаудан сынға түссе, соңғы «Ғажайып алаң» кезеңінде құрастырған роботтардың жұмыс жасау механизмдерін түсіндіріп, жүргізіп көрсетті. Сайыс соңында сөз сөйлеген Дархан Тәттібеков сайысқа қатысқан оқушылардың белсендігі мен білімін жоғары бағалап, бұл бағытта оқушылардың білім-біліктілігін дамытуға зор ықпал етіп жүрген курс жетекшісі Дан Уалиеваға алғысын білдірді. Сондай-ақ, жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, мектеп оқушылары Бақытжан Момыш пен Бекзат Айтжан роботтар жарысының облыстық кезеңіне жолдама алды.
Айта кету керек, облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу ауданында былтыр «Робототехника – оқу үрдісінде» атты аудандық презентациялық семинар болып өткен еді. Жиынның басты мақсаты – аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде «Робототехника» үйірмелері мен элективті курстарды ашу. Ол үшін аудандық қазынадан 6 миллион 474 мың 600 теңге бөлініп, аталған қаржыға 33 дана «Лего» роботтары сатып алынған еді. Оған қоса, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен аудандағы мектептерде жаңаша бағытта түрлендірілген физика, химия, биология кабинеттері және лингофонды мультимедилық кабинет пен робототехника кабинеттерін жасақтау да қолға алынған. Жалпы алғанда еліміз үшін робототехника саласы дамудың даңғыл жолына енді ғана түскен өте жас салалардың бірі болып есептеледі. Ал әлем елдерінде бұл саланың тарихы тереңге кетіп, бүгінгі күні жүздеген жылдар бойы жасалған тынымсыз еңбектің жемісін ғылым мен өндірісте кеңінен пайдаланып отыр. Сондықтан, жоғарыда аталған шаралардың аудандар үшін маңызы өте зор.
Шу ауданы