"Жастар қызықпайды, жалақысы аз": Қазақстанда энергетиктер неге тапшы?

Сағыныш Сардарова 13 мам. 2025 12:54 913

Қазақстанда энергетика саласында 4,5 мың маман жетіспейді. Сарапшылар маман тапшылығы турасында не дейді? Dalanews.kz тарқатады.

Смайылов Энергетика министрлігін не үшін сөкті?

Қазақстанда электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды. Оның қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғарғы аудиторлық палатаның отырысында қаралды.

Аудиторлық іс-шаралар Энергетика министрлігін; "Самұрық-Энерго" АҚ; "KEGOC" АҚ; "Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы" АҚ; "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС және басқа да ұйымдарды қамтыды.

Қаржы мәселесінен бөлек, бұл сала бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелер аталды.

"Энергетика саласындағы негізгі проблемалардың бірі – саланың дамуы үшін белгіленген жоспарлар мен іс-шаралардың орындалмауы. Атап айтқанда, тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету, активтерді жаңғырту және т.б. Сала әлі де шетелдік жабдыққа тәуелді", - деп жазылған хабарламада.

Тағы бір түйткілді мәселе - маман жетіспеуі.

"Салада шамамен 4,5 мың маман жетіспейді. Негізгі себептері – жастардың қызығушылығының төмендігі және жалақының аздығы", - деп жазылған хабарламада.

Сарапшы пікірі

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, елдің техникалық кадрлық құрылымы көз алдымызда құлдырап барады.

"Халық саны өсіп келеді, бірақ негізгі мамандардың - математика мұғалімдерінің, дәрігерлердің, инженерлердің тапшылығы да артып келеді. Бұл тек мемлекеттік саясат салдары емес. Мемлекетіміз нарықтық экономика үшін бұрын-соңды болмаған көлемде білім беру гранттарын бөліп отыр. Алайда неге екені белгісіз, жұрт техникалық мамандықтарды таңдауға құлықсыз, ол салаларда жұмыс істеуге, елге пайда әкелуге ынта байқатпайды. Инфрақұрылымды ұстап тұрған білікті кадрлар тапшылығы шектен шыққан деңгейге жеткенде күйреу кезеңі басталады", - деді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар