Түркістанда жол салуда жаңа технология қолданысқа енгізілуде

Dalanews 04 желт. 2018 12:27 199

Бұл жол төсеуге жұмсалатын шикізат пен қаражаттың 25 пайызын үнемдейді. Жаңа технологиямен жол төсеу негізінен орта жөндеуге қолданылады

Мұндағы ерекшелік, өндіріс кезеңінде жылдамдыққа баса назар аударылатын көрінеді. Яғни 1 күнде 1 шақырым жол салынады. Ең бастысы, сапаға мән беріледі. Бұрындары жол салынып біткен соң, отырулар пайда болған жерде негіздер жөнделінетін.

Ал қазір жолдың негізі 18 см құрайтын цементпен нығыздалады. Технологияға шағал тастар пайдаланылмайды. Оның орнын тұрақтандырғыш қоспасы алмастырады. Ал осы істі ресайклер техникасы атқарады.


Роллан Ибрагимов, облыстық ЖК және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл біз жаңа технологиямен 190 шақырым жолды жөндеп жатсақ, келесі жылға 300 шақырым жолды жөндеуді көздеп отырмыз. Былтыр жергілікті маңызы бар жолдарға бөлінген қаржы 8,9 миллиард болса, ағымдағы жылы 18 миллиард, ал 2019 жылға 26 миллиард жоспарлап отырмыз.

Қазіргі таңда облыстық маңызы бар Арыс-Шымкент бағытындағы 12 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Мердігер мекеме бұл жобаның 60 пайызын еңсерген. Бұл 8 шақырымды құрайды. Бұл жаңа жол бұрынғыға қарағанда ені жағынан 1 метрге ұзарған. Ал асфальт жолдың жүк көтеру көрсеткіші 6 тоннадан 13 тоннаға дейін ұлғайған.

Нысан толығымен 2019 жылдың ортасында пайдалануға беріледі.

«Алдағы уақытта облыс орталығы Түркістан қаласына көшуіне орай Мақтарал, Сарыағаш аудандарынан шығатын қысқа жолдарды жөндеу басты мақсаттың бірі», – дейді басқармадағылар.

Жоспарда Шардара-Шәуілдір бағытындағы 243 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолды орта жөндеуден өткізу тағы бар. Ал келер жылы өңірде жалпы 1,5 мың шақырым жол жаңармақ. Тіпті жол құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты бойынша да инвесторлар тартылады.

Түркістан облысында 2022 жылға қарай өңірлік маңызы бар жолдар 90 пайыз жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x