Қазақстан мәңгілікке құлаш ұрған ел

Dalanews 13 желт. 2018 05:20 229

1991 жылдың 16-желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. Азаттық ата-бабамыздың ғасырлар бойғы өзегі талып, аңсаған асыл арманы болатын. Бұл күні байтақ еліміздің қаласы да, даласы да, данасы да, баласы да қуанды. Өйткені алдымыздан жарқын болашақтың сөнбес жұлдызы жарқырап, есігі айқара ашылды. Осы бақытты сәттен бастап, көк Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз әлемді шарлай әуелеп, Елтаңбамыз елдіктің айшықты белгісіне айналды.

Тәуелсіздікті жариялаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел-жұртымыз Мәңгілік ел болудың алғы шарттарын түзіп, жасампаздық жолына, дамудың даңғылына түсті.

Мен кешегі кеңестік кезеңді де еліміздің тәуелсіздігін алған кезеңді де көзбен көріп, өмірін басымнан кешкен адаммын. Меніңше, өз қолымыз өзімізге жетіп,өз игілімізге өзіміз ие болған, өзге елдің бодандығынан босаған уақыттан асқан қуаныш жоқ. Еліміздің еркіндігіне тең келетін бақыт жоқ. Бұл ойымды барша қандастарымыз қолдайтынына сенімдімін.

Азаттық алған жылдар ішінде қабылдаған Ата Заңымыз мүлтіксіз орындалып келеді. Қарулы күштеріміз құрыштай берік. Шекарамыз сенімді қолда.Төл теңгеміз қазынамызға айналды. Шетте жүрген қандастарымыз атажұртына оралып,жүрегі сыздап сағынған бауырларымен табысты. Қасымызда азат, мәз-мейрам өмір-сүруде. Қанша мәрте атымыз бәйгеден келді! Спортшыларымыз бен өнерпаздарымызды айтамын. Қаншама от тұтанғалы тұрған дауды шештік! Елбасымыз-мақтанышымыз, абыройымыз! Мұның барлығы Қазақстанның іргелі ел, айбынды мемлекет болып қалыптасқанын байқатады.

Бүгін біз Қазақстанның бәсекеге қабілеті жоғары, дамыған 50 елдің қатарына қосылғанын мақтанышпен айтуымыз керек. Осындай дамыған мемлекеттердің сапынан көрінуімізге ел экономикасының ұдайы өсу үстінде болғаны, кәсіпкерлік саласына саласына мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілгені, сыртқы және ішкі инвесторлар үшін тиімді жағдайлар жасалғаны, ел дәулетін еселеуге ас қажет адами капиталды дамыту ісінің жолға қойылғаны кең мүмкіндік бергенін біліп-тануға және кеңге жариялауға тиіспіз.

Мен туып-өскен Шардара топырағын мысалға алсақ, аулымыздың тек қана өркендеген, өскен жағын көре аласыз. Автомобиль жолдары жөнделді, қаншама шақырым жолдар жаңадан салынды. Айнадай таза, тақтайдай түзу жолдар қайда барсаңыз да, кедергісіз қинамай жеткізеді. Облыс орталығы Түркістанға бұрын таңертең шығып, кешке әрең жетсеңіз, қазір әрі кетсе үш сағат та киелі мекенге ат басын тірейсіз. Жетісайға баратын жол да аз уақыттың ішінде қайта салынып, оңтүстікті қуанышқа бөледі. Қала төңірегі күн сайын жаңа құрылыстармен толығып, аулымыздың ажары да мәдениеті жаңарып, гүлденіп, азат қазақ елінің ертеңгі келбетін танытуда. Барлық мекемелер мен мектептер санды технологиямен, интернетпен қамтамсыз етілген.

Ауданымызда күнделікті өтіп жатқан көңілді іс-шаралар мен қызықты сайыстар, байқаулар жергілікті халықтың берекесі мен бірлігінің жемісі тәрізді.

Таяуда Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды еңбегі жарық көрді. Оқып шықсаңыз кенен ойларға кенеліп, кешегімізді еске алып, ертеңімізге қызыға қарайсыз. Мәңгілік ел болуға бағыт алған, ұлы даланың ұрпақтары үшін баға жетпес сабақ болардық қазынаны қайталап оқып, айналаңызбен талдап, ұлан-асыр тапсырманы орындауға үлес қосқыңыз келеді. Ұлттық мұраны құрметтеп, ұрпаққа жалғастырып,тарихымыздың тамырын кеңга жаю әрбір азаматтың міндеті екенін терең түсінесіз. Керуеніміз күнге бет алды. Көшбасшымыз - ел көсемі Нұрсұлтан Назарбаев. Құндылығымызды құнттап, қуанышымызды жалғап, ел көшіне сүйеу болып, қайрат қосайық, ағайын!.

Мен төрағалық ететін Шардара аудандық ардагерлер қоғамының мүшелері де ел тәуелсіздігінің маңызы мен мәртебесін, елбасымыздың қадір-қасиетін, әлемдегі абыройы мен беделін дәріптеуде біршама үлес қосып келеді. Алда да қазыналы қарттарымыз жастармен, әр ұлт өкілдерімен осы бағыттағы іс-шараларды аянбай атқара береді деп көпшілікті сендіремін.

Бүгін мақтанатын да, бақ табатын да күн! Мұраты мәңгі, мақсаты биік,отаны бір Тәуелсіз елдің ұлттық мерекесі құтты болсын!

Жүрегі адал, ниеті таза қазақ халқының аспаны ашық, тірлігі баянды, мерейі үстем болсын!

Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x