Түркістан – Ташкент. Ортақ туристік бағдар құрылады.

Dalanews 31 шіл. 2018 09:12 227

Түркістан мен Ташкент облыстары ортақ туристік бағдар құрмақ.

Екі көне шаһардың арасында саяхатшыларды тасымалдайтын Түркістан-Ташкент, Ташкент-Түркістан туристік автобус бағыттары ашылып, екі елдің туроператорлары Халықаралық көрмелерде бір стендте бірлесіп қатысатын болады. Мұндай келісімге «Ontustik Tourism Center» Туристік Ақпараттық орталығы Ташкент қаласында ұйымдастырған  «Жібек жолындағы туризм – Work Shop» іс-шарасы аясында қол жеткізілді.

Аталған іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков бастаған делегатция мен Өзбекстан Республикасының Туризм жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшылығы және бауырлас екі елден 60-қа жуық туристік фирма өкілдері қатысты.

Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстанның туристік әлеуеті мен жаңа және қазіргі заманғы туристік бағыттарды бірлесіп дамыту мүмкіндіктері қаралып, соның ішінде Жібек жолындағы аралас турлар бойынша презентациялар ұсынылды. Бұдан бөлек, туристік компаниялар, қонақ үйлер мен медициналық мекемелердің өкілдері арасында «B2B» кездесулер өтті.

Көрші елдерді әсіресе зиярат, сауықтыру, эко және экстремалды туризм қызықтырып отыр. Бауырлас елдер арасындағы визасыз режим барыс-келісті жақсартқан. Енді қолға алынған бірлескен туристік бағыт саяхатшылар санының артуына негіз болады, дейді мамандар.

Олардың айтуынша, Түркістан облысында эко туризм, медициналық туризм, таулық туризм, жастарға арналған туризм және зиярат туризмі сынды қосымша 20-ға жуық жаңа туристтік бағыттар ашылып отыр.

Іс-шара нәтижесінде екі елдің туристік компаниялары арасында ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Форум аясында Қазақстандағы Өзбекстан жылы және жаңадан құрылған Түркістан облысының тарихи әрі әсем жерлерінен сыр шертетін «Түркістан оңтүстіктің жүрегі» атты фотокөрме де ұйымдастырылды.

Көрмеге келушілерге 16 экспозиция ұсынылды, фотосуреттерде қазақ халқының көрікті нысандары мен жерлері, әдет-ғұрыптары мен ойындары бейнеленген.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x