Оңтүстік жастарын шетелдің таңдаулы оқу орындары шақыруда

Dalanews 23 қаң. 2018 11:06 220

Оңтүстік Қазақстан облысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы білім және ғылым минстрлігінің қолдауымен «Халықаралық білім беру – 2018» көрмесі өтті. Іс-шараның мақсаты – білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру, шетелде стипендиялық бағдарламалар арқылы білім алу мүмкіндіктері жайлы хабардар ету. Аталған жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебав арнайы қатысып, қонақтарға өңіріміздің білім саласындағы мүмкіндіктері мен әлеуетін таныстырып өтті.

«Елбасымыз әрдайым өзінің халыққа арнаған Жолдауларында жастардың білімді де, бәсекеге қабілетті болу керектігін үнемі айтып келеді. Міне, осы мақсатта «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылды. Аталған бағдарлама аясында әлемнің 35-тен астам елінде 12 мыңнан астам қазақстандық азамат білім алды. Бүгінде бағдарлама бойынша білім алған 300-ден астам оңтүстікқазақстандық жас еліміздің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Халық саны жағынан көш басында тұрған өңіріміз, «Болашақ» бағдарламасына қатысу бойынша да бірінші орында болу керек деп ойлаймын. Ал, біліктілікті арттырып, білімді жетілдіре түсуге келгенде мұндай тәжірибе алмасу көрмесінің рөлі орасан деп білемін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.



Көрмеге АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа мен Азия және ТМД елдерінің 83 жоғары оқу орындары, тіл үйрету мектептері мен білім агенттіктері қатысты. Олар шара барысында шет тілдерінде еркін сөйлейтін, қабілетті жастарды оқуға шақырды. Көрмеге бірінші күннің өзінде шетелде оқуды армандайтын 4 мыңнан астам жас келді.

«Халықаралық білім беру – 2018» көрмесі аясында қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының мен білім агенттіктері арасында кездесу ұйымдастырылды. Онда «Болашақ» бағдарламасын пайдалану ауқымын кеңейту жайы сөз болды. Мамандар пікірінше шетелдерде білім алатын қазақстандық студенттердің саны жоспардағыдан айтарлықтай аз.

«Бүгінде шетелге барып білім алуға ниетті азаматтардың саны өте аз. Себебі, халық «Болашақ» бағдарламасы туралы ақпаратпен қанықпаған деп ойлаймын. Осы мәселені шешу мақсатында әлемнің дамыған елдерінен және отандық жоғары оқу орынның өкілдерін шақырып, осындай білім көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз – өзге елге барып білім алатындардың қатарын көбейту. Қазіргі таңда өзге елдерде оқитын жастардың 85 пайызы Астана, Алматы қалаларына тиесілі. Енді оңтүстікқазақстандық жастардың санын арттырсақ деген жоспар бар», - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Президенті Жанболат Мелдешов.

Айта кетейік, аталған шара «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде 22 - 23 қаңтар күндері өтуде.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x