Мемсатудағы мәселе – заңның нашарлығынан емес, оны сақтамаудан туындайды

Dalanews 01 шіл. 2021 06:11 283

Отандық өнімнің үлесін ұлғайта отырып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алулардың 100%-ы электрондық форматқа көшіріліп, өнім жеткізушілерге қаржылық тұрақтылық түріндегі біліктілік талаптары арттырылды.

– Бұл тиісті салықтық жүктемесі бар және материалдық және еңбек ресурстары жеткілікті жақсы беделге ие компаниялардың сатып алуға қатысуына жағдай жасады. Сонымен қатар, әлеуетті жеткізушілер көлеңкеден шығуға ынталандырылып, сомасы 28 млрд теңгеден асатын салық ерікті түрде төленді, – деді Дәурен Кеңбейіл.

Ол сондай-ақ соңғы 5 жылда бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесі 92%-дан 49%-ға дейін 2 есеге дерлік қысқарғанын айтты.

Алайда, Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың пікірінше, бұл фактілерді жетістік деп айту қиын.

– Қалай болғанда да мемлекеттік сатып алулардың 51%-ы бір көзден алу тәсілімен жүргізіледі. Ал бұл – үлкен сома. 2,5 жыл ішінде камералық бақылау нәтижесінде 78 мың сатып алу бойынша заң бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл дегеніңіз жалпы соммасы 2,4 трлн теңгені құрайтын өте көп ақша. Мұның бәрі заңның нашарлығынан емес, оны жүйелі түрде бұзатындығын білдіреді. Сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейту қажет шығар, – деді Аманжан Жамалов.

Кеңес мүшелері «Nur Otan» партясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасында көзделген сатып алудың бірыңғай терезесін енгізу мәселесін жеке талқылады.

Жол картасы аясында биыл мемлекеттік органдар, мемкомпаниялар және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан отандық өндірушілердің сомасы 21 млрд теңгені құрайтын өнімдерін кепілді сатып алуды қамтамасыз ету міндеті тұр.

Жиын барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі бұл көрсеткіш мерзімінен бұрын орындалғанын жеткізді. Себебі, бірінші жартыжылдықта тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасында 23,8 млрд.теңге сомасына 25 ұзақ мерзімді шарт жасалған.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Қаржы, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне бірыңғай сатып алу терезесі жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жеделдетуді ұсынды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x