Су ресурстарын қорғау – адамзаттың өмірлік мәселесі

Dalanews 09 мау. 2017 09:15 702

Су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі мен тиімділігі, оны  рационалды  пайдалану –  адамзат  үшін  өмірлік  маңызды  мәселе.  Аталмыш мәселелер бүгінгі күні көптеген ғалымдардың еңбектерінде, көптеген ғылыми басқосуларда талқыланып, шешілу жолдары іздестіріліп, көптеген инновациялар жобалар жүзеге асып жатыр.

Мысалы, бүгін университетіміздің Су инновациялық орталығында Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Азия даму банкі бірлесе ұйымдастырған «Су қауіпсіздігі мен тиімділігінің Қазақстандағы тәжірибесі» тақырыбында Халықаралық семинар өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – су шаруашылығын тұрақты дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін талқылау. Аталған шараға Қазақстандағы Азия даму банкінің Тұрақты өкілі  Джованни Капаннелли, Азия даму банкінің су ресурстарының бас маманы Ясмин Сиддики, Азия даму банкінің Тұрақты даму және климаттық өзгеруі бөлімінің аға маманы Михиель Ж.де Лийстер, шараны ұйымдастырушылардың бірі – ҚазҰАУ жанындағы Agritech Hub Kazakhstan  бас директоры Марат Бексұлтанов және Еуропа, Орта Азия және ТМД елдерінің су шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдары, Юнекско өкілдері, білікті мамандар  мен кәсіпкерлер қатысты.

Маңызды кездесуді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов ашып, семинарға қатысушы, баяндама жасаушы әріптестерін, ғалымдарды таныстырып өтіп, бүгінгі жиынның тақырыбы, маңызы, осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

Одан кейін Азия даму банкінің Тұрақты өкілі  Джованни Капаннелли мырза сөз алып, биылғы жылдан бастап Азия даму банкінің жаңа стратегиясын дамыту қолға алынғанын, АДБ аймақтардағы жұмыстары ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, су ресурстарын басқару және білім беру салалары бойынша қарқынды жүріп жатқанын, осы жоба аясында инфраструктураны модеринизациялау,  өз бизнестерін дамыту және қажетті сапалы қызмет көрсетушілерді қаржыландырулардың іске асып жатқанын атап өтті.

Жалпы семинар 2 сессия бойыншажүргізілді. Қазақстандағы су қауіпсіздігін дамыту мәселесі бойынша жүргізілген І сессияда су шаруашылығы саласының жетекші ғалымдары мен мамандары суарудың инновациялық технологияларын пайдалану, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, су шаруашылығының экономикасы және экологиясы, ауыл шаруашылығын сумен қамту және жайылымдарды суландыру бойынша ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Бірінші болып баяндаманы жайылымдық жерлерді суары мәселесімен 70-інші жылдан бері айналысып келе жатқан білікті ғалым, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов жасады.

– Еуразия материгінің кіндігінде орналасқан Қазақстан территориясы бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді және ішкі құрлықтық мемлекеттердің ең ірісі болып саналады. Жерінің көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-орын алады. Жоғары биологиялық әлеуетке ие, бірақ сумен қамтамасыз ету деңгейі төмен біздің еліміз мелиорация, жайылымдық малшаруашылығы, су ресурстарын басқару саласындағы кең ауқымды зерттеулер үшін эксперименттік алаңға айналып отыр. Елімізде 185,5 млн. гектар жайылымдық жер бар. Оның 81,2 млн. гектары қолданыстағы жер болса, 76,8 млн. гектары мемлекеттік қордағы жайылымдар. Бүгінгі таңда  суландырылмаған аумақты қоса есептегенде 1 гектар жайылымдық жердің өнімділігі  250 азықтық бірліктен аспайды. Бұл жерлерде малды шамадан тыс жаюдың салдарынан 27,1 млн. гектар жер деградацияға ұшырайды, – деген Тілектес Исабайұлы бұдан өзге жайылымдық жерлердің деградациясы, ірі қара малды азықпен қамтамасыз ету, жайылымдық сумен қамту мәселелері, отарлы-жайылымдық мал шаруашылығын басқарудың ғылыми негізін құрастыру, гис-технологиялар, Қазақстанның жайылымдық жерлерінің геопорталын жасау сияқты тақырыптар төңірегінде баяндама жасап, Қазақстанның жайылымдық, қоректік ресурстарына, су тартқыштар мен жайылымдық құдықтардың жай-күйіне баға берді.



Сонымен қатар,  жалпы Азияны сумен қамту мәселесі төңірегінде сөз алған Азия даму банкінің су ресурстарының бас маманы Ясмин СиддикиАзия даму банкі және су секторы, су секторының Азиядағы даму перспективалары, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі, оны дамыту үшін қажет білім мен инновациялар,  Азия даму банкінің су секторына құйған инвестициялар көлемі, банктің жобалары, ғылыми-практикалық жұмыстары туралы  атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы су ресурстарының өте көп пайызын қолданады. Жалпы, су ресурстарын есепке алып, қанша су бар екенін, кім және қалай пайдаланып отырғанын біліп отыру керек», – деді, Себебі 2050 жылы Азия халқы 5,2 млрд адамға жетіп, таза ауыз су жетіспеушілігі болуы мүмкін.

Семинардың ІІ сессиясы су ресурстарын тиімді басқару үшін спутник арқылы қашықтықтан бақылау технологияларына арналды.

Алғаш болып сөз алған Дельфте су білімі институтының (Нидерланды) су ресурстары жаһандық есебінің профессоры Вим Бастайсен:

«Қашықтықтан бақылау өсімдік шаруашылығы мен суды тұтынуды жанама бақылауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен су өнімділігі  жоғары және төмен аймақтарды, заңсыз су тұтыну көздерін  анықтауға болады»,-деп, сондай-ақ бидай, күріш, бағалы дақылдар үшін су өнімділігінің маңызы,  судың, жердің экономикалық  қайтарымы мәселелеріне де тоқталып өтті.

Семинар барысында «Flyworx» ЖШС бас директоры Диана Душниязова ұшқыссыз басқарылатын аппарат көмегімен су ресурстарының мониторингін жасау,  топырақтың жай-күйі,  су ресурстарын  тиімді пайдалану, қашықтықтан бақылау кезінде алынған,  соның ішінде климаттық мәліметтер, осының негізінде болжамды модельдерді құру мәселеріне тоқталды.

Сондай-ақ, «Агробизнес үшін су ресурстарын басқару жүйесі» тақырыбында «Witteven&Boss» компаниясының бас директоры Крайн-де-Брабандер, «Су ресурстарын басқару саласында әріптестік орнату арқылы технологиялар трансфертін жүзеге асыру» тақырыбында Agritech Hub Kazakhstan  аға сарапшысы Айдын Шагиев баяндама жасады.

 

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген М.Ботабеков

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x