Оқу орындарын тексеретіндер көп

Dalanews 23 сәу. 2015 22:08 435

Еліміздің ғылым және білім беру саласы заман талабына сай даму үшін жыл сайын тың жаңалықтарды қабылдап келеді. Өзгерістердің кейбірі оқу орындарының жұмысына серпін берсе, енді бірі кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Ғылым мен ЖОО мәселелеріне қатысты көкейімізде қордаланған сұрақтарды Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, академик Рахман Алшановқа қойдық.

Дербестік деген не?

– Рахман мырза, бүгінде еліміздегі жетекші университеттердің дербестігін кеңейтіп, автономды оқу орын деңгейіне көтеру мәселесі қолға алынып жатыр. Жалпы, ірі оқу орындарға дербестік беру білім беру саласының жақсаруына қаншалықты әсер етеді? Елімізде оқу орындарға дербестік берудің заңнамалық құқықтық базасы қалыптасқан ба?

–  Қазір дүниежүзіндегі дамыған елдердің экономикасында, білім беру саласында күн сайын өзгерістер орын алуда. Сондықтан бізде заман ағымына бейімделіп, дүниежүзінде орын алып жатқан тың өзгерістерді жатсынбай қабылдау маңызды. Кеңес заманында арнайы бағдарлама бекітіліп, соны шеңберінен ауытқымай жұмыс істеуге үйренген біздің ғылыми орта автономды университеттерді құру ісін әлі жете түсінбей отырғаны жасырын емес. Мұндай реформа оқу орынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай мәртебеге ие болған оқу орынның барлық қызметкерлері жаңа жүйеге сай болуы тиіс. Көпшілік арасында өзгерістің мәнін түсінбейтін адамдар бұра тартса, жаңа жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан оқу орындардың дербестігін кеңейтуге тұтас ұжым дайын болуы шарт.

Қазіргі таңда АҚШ-тың университеттері өздерінің дербестігін кеңейтіп, ғылым мен технологияны дамытуда көш бастап келеді. Оқу орындардың дербестігі деген не? Әңгіме басында заманның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын айттық қой. Қазір ғылым мен технология қарқынды дамып келеді. АҚШ университеттері бір технологияны, болмаса білім берудің жаңа бір әдістемесін енгізу үшін құзырлы орындардан рұқсат сұрап, оны бекітіп, уақытын текке жоғалтпайды. Өз араларында талдап, таразылап, қажетті шешімді бірден қабылдайды. Дербестік деген осы. Біздер бір технологияны бекітеміз деп жоғарыға қажетті құжатты жинастырып, қандайда бір технологияның пайдасына көз жеткіземіз деп жүргенде ол ескіріп қалады. Сондықтан қазіргі дамыған заманда іргелі оқу орындарға дербестік беру мәселесі – заман талабына сай туындап отырған мәселе деп қарастырған жөн. Университет ғалымдары студенттерге жаңа бағытта оқытып, білім беруі үшін өз бетінше әрекет ететіндей мүмкіндікке ие болуы керек.

– Қазақстанда дербестікке ұмтылып, оның пайдасын көріп отырған  оқу орны бар ма?

– Бар. Бүгінде «Назарбаев университеті» осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Меніңше, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсуіміз керек. Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу орындарға тиісті қаражатын бөліп келеді. Министрлік ірі оқу орындардың ішкі жұмыстарына қатты араласып жатқан жоқ. Оқу орындары оқу бағдарламаларын өздері дайындайды. Бұдан басқа өзге елдегі қандай оқу орындармен әріптестік қарым-қатынас орнату мәселесін өздері шешіп отыр. Осылайша елімізде оқу орындарының дербестігін арттырудың алғашқы қадамы сәтті жүзеге аса бастады. Дербестік оқу орындарында студенттерге сабақ беріп, ғылыммен айналысатын мамандардың өз мүмкіндігін көрсетуге кеңінен жол ашатыны анық. Қазір бұл бағыттағы жұмысты өрістететін арнайы заң талқылануда. Жыл аяғына дейін заң қабылданып қалуы мүмкін.  Ал автономды университет болуға еліміз бойынша ірі 10-15 оқу орны талпынуда. Әрине, Білім және ғылым министрлігі дербестікке ұмтылған университеттерге арнайы талаптар қойып отыр. Автономды университет атануға ұмтылған университеттердің оқытушылық құрамы, тиісті зертханалық жүйесі және студент жастарға жан-жақты білім беретін материалдық базасы болуы шарт.

 Бір-біріне қайшы құжаттар

 – Бақылаушы мекемелер тарапынан қарсылық болып жатқан жоқ па?

– Әрине, бақылаушы мекемелер бәрін уысында ұстағысы келеді. Олар «оқу орындарын уыстан шығарып, білім беру сапасын төмендетіп алмаймыз» деп өз уәждерін айтып, бақылаудың кейбір тетіктерін сақтап қалуға күш салып жатыр. Меніңше, қазір оқу орындарына бақылау көп. Сол бақылаушы мекемелердің үдесінен шығамыз деп ғылым мен білім беру саласы біршама ақсап келеді. Еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Білім және ғылым министрлігін 17 адам басқарды. Әр министр түрліше жарлық ашып, өз ойын іске асырды. Соңғы уақыттары әр министрдің кезінде бекітілген құжаттар бір-біріне қайшы келіп, оқу орындарының қиын жағдайларға тап болып жатқанын кездестіруге де болады. Сондықтан университеттерге дербестік берудің мәні зор деп есептеймін.
Еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Білім және ғылым министрлігін 17 адам басқарды. Әр министр түрліше жарлық ашып, өз ойын іске асырды. Соңғы уақыттары әр министрдің кезінде бекітілген құжаттар бір-біріне қайшы келіп, оқу орындарының қиын жағдайларға тап болып жатқанын кездестіруге де болады. Сондықтан университеттерге дербестік берудің мәні зор деп есептеймін.

– Рахман мырза, қазір әлемде ғылымның тиімді бағытта дамып жатқанын айқындайтын көрсеткіш ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып, инфакт-факторлық көрсеткіші жоғары ғылыми журналдарға мақала жариялап, сілтемеге ие болуымен өлшеніп жатыр ғой. Қалай ойлайсыз, соңғы уақыттары жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мақала жариялау ісін науқандық жұмысқа айналдырып жіберген жоқ па?

–  Қалай болған күнде де біздер балаларға сапалы білім беруге міндеттіміз. Оқу орындарында ғалымдар бір тақырыпты айқындап, сол тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, өз қазанында өзі қайнайды. Ал оның зерттеуі ғылымның дамуына қаншалықты пайда әкеліп жатқанын ешкім саралап, басын ауыртып жатқан жоқ. Осы тұрғыдан алғанда ғылыми жұмыспен айналысқан адам жазған дүниесін халықаралық журналдарда жариялап, әлем ғалымдарының талқысына салуы керек деп есептеймін. Идея тартымды болса, беделді ғылыми журналдар өздері-ақ мақаланы жариялайды.  Ғылымда тың жаңалық ашқан адам өзінің дүниесін бір-екі бетке сыйдырып, халықаралық журналдарға жариялап, өз бағасын алатын мүмкіндікке ие. Бұл үшін 10-15 беттік мақала жазудың қажеті шамалы. Жалпы, бұл жүйе бізге еніп жатқанына көп уақыт болған жоқ. Сондықтан науқандық сипат алып жатқанын түсінуіміз керек. Қазір бұл мәселе зерделену үстінде. Көштің жүре түзелетінін ұмытпаған жөн. О баста кейбір пысықайлар ақша табуды көздеген шетелдің бірқатар журналдарына тиын-тебенін беріп, мақалаларын шығартып, кеуделеріне нан пісіп жүрді. Қазіргі таңда құзырлы орындар әлемдік ғылыми ортада мойындалған ғылыми журналдарды іріктеп жатыр.

Мен сізге бір қызық жайтты айтайын. Қазір орта білім беру саласында кейбір пысықайлар өзге елдерге барып, бір елеусіз елді мекеннің мектебінде олимпиада ұйымдастырып, түлектеріне бас жүлдені алып беріп, елге келген соң «халықаралық олимпиаданың жүлдегері» деген жалған атақпен сынақсыз жоғарғы оқу орындарына қабылданғанын естігенде қатты таңқалдым. Алдағы уақытта біздер ғалымдардың қандай журналдарға мақала жариялап, оқушыларымыздың қандай олимпиадаларға қатыстыратынымызды айқындап анықтап алуымыз керек. Ғылыми журналдарға мақала жариялау үрдісі алғашқы тәжірибе болғаннан кейін кемшіліктері бірден көрініп қалды. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табатынына сенімдімін.
Қазір орта білім беру саласында кейбір пысықайлар өзге елдерге барып, бір елеусіз елді мекеннің мектебінде олимпиада ұйымдастырып, түлектеріне бас жүлдені алып беріп, елге келген соң «халықаралық олимпиаданың жүлдегері» деген жалған атақпен сынақсыз жоғарғы оқу орындарына қабылданғанын естігенде қатты таңқалдым.

Ғылымның тілі...

 – Қазіргі таңда мемлекет ғалымдардан бастап студенттерге дейін шетелдің бай ғылыми мәліметтер қорын еркін пайдалануы үшін қаржы бөліп, ғылыми ақпараттың қолжетімділігін арттырып отыр. Осы мүмкіндікті біздің ғалымдар мен жас ізденушілер тиісті деңгейінде пайдаланып отыр ма?

– Мойындауымыз керек, көптеген ғалымдарымыз ағылшын тілін еркін білмегендіктен ғылыми ақпаратты толық игере алмауда. Аға буынның ғылыми еңбектеріне назар аударсаңыз, олар еліміздегі және баяғыдағы дереккөздеріне сілтеме жасайтынын байқайсың. Бүгінде озық технология Қазақстанда өмірге келіп жатқан жоқ. Заманауи дүниелердің көпшілігі Батыста пайда болуда. Ал ол жақтағы ғалымдар ғылыми еңбектерін ағылшын тілінде жазатыны белгілі. Егер біздер ғылыммен шындап айналысуды ойласақ, солардың еңбегімен танысуымыз керек. Сондықтан мемлекеттің ғылыми мәліметтер қорына отандық ғалымдар мен ізденушілердің қол жетімділігін арттыру ісін қолдаймын. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген және ағылшын тілін білетін жастарымыз ғылыми мәліметтер қорын еркін пайдаланып жатыр. Ал аға буын болса осы көшке ілеса алмауда.

– Студенттерге арналған ғылыми оқулықтардың аударылу ісіне көңіліңіз тола ма?

– Бұл өте шетін мәселе. Қазір елімізде бір мамандық бойынша он шақты студент қана маманданып жатуы мүмкін. Он балаға арнап оқулық шығармаймыз деп айтуға болмайды. Оның үстіне білім беру үрдісі жиі өзгеріп жатыр. Сондықтан 5-10 жыл бойы студенттер оқитын оқулық жазу қиын болып тұр. Бұл мәселені жастарға мектеп жасынан бастап ағылшын тілін үйретіп шешуге болады. Болмаса ағылшын тіліндегі ақпаратты тікелей қазақ тіліне аударатын бағдарламаларды жетілдіруіміз керек. Жалпы, елімізде мұндай бағдарлама бар. Бүгінде соны қазақша Википедияны жасаған жігіттер жетілдіріп жатқанын естідім. Осы бағдарламаның көмегімен ағылшын тіліндегі ғылыми ақпараттарды студенттеріміз еркін оқитын деңгейге жетуі тиіс. Қазіргі таңда министрліктің қолдауымен жиырма шақты оқулық қазақ тіліне аударылуда. Жалпы, оқулық мәселесін шешуде жан-жақты ойлап, жастардың кешенді білім алуына мүмкіндік туғызған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

Нұрлан ЖҰМАХАНОВ,


«ҰҒТАО» АҚ-ы Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x