Жеңіске тағзым

Dalanews 23 сәу. 2015 22:18 928

Таяуда Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің Ғылыми кітапханасында Тәрбие департаменті, Әл-Машани атындағы Базалық білім беру институты Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы және  Ғылыми кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен студенттерге арналған «Ұлы Жеңіске  70 жыл» атты тәрбиелік-танымдық кеш болып өтті. 

Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Халықтың бейбіт өмірі үшін ондаған мың аталарымыз көз жұмғаны белгілі. Жауқазындай жайқалған Әлия мен Мәншүк сынды қыздарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қыршыннан қиылды. Сондықтан Ұлы Жеңіс мерекесі жер бетіндегі адамзат баласының ұлтына, дініне қарамастан ортақ  мерекесіне айналды. Себебі, бұл қастерлі күн, қан майданда толарсақтан қан кешкен Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сынды   аталарымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған сыйы, аманаты деп білеміз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Айтулы шараға ғалым Досмұхамбет Кішібеков, Мемлекеттік тіл бірлестігінің  төрағасы Ғабдолла Нысанбаев, ҚазҰТУ-нің құрметті профессоры Сейітқасым Боранқұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаев қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Тәрбиелік кешті өткізудің мақсаты – студенттерді патриоттық тәрбиеге баулу екеніне тоқталды. Ақжан-Машани атындағы Базалық білім беру институты директорының орынбасары Нұрғалым Қадыр ардагерлердің ерліктегі тағылымды тарихын атап өтсе.  Кештің қорытынды сөзін ҚазҰТУ Ғылыми кітапхана директоры Қапалхан Баймұханқызы сөз алып, ардагерлерге ризашылығын білдірді. Ғылыми кітапхана директорының орынбасары Айгүл Исаева атқарылып жатқан игі шаралар білім алып жатқан жас студенттер мүддесі үшін екенін айтып, ардагерлерге оқу ордасының ескерткіш сыйын  ұсынды. Бұдан кейін кеш қонақтары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Ғылыми кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, кітап көрмесін тамашалады.

политех.j01

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар