Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да

Dalanews 24 қар. 2016 11:19 382

Ел билеушілерін мақтауға да, сынауға да негіз жетіп артылады. ҚР Парламентінің Тәуелсіздіктің 25-жылына байланысты Декларациясын бірлескен отырыста қабылдағанын  көргенде, XIY ғ. француз философы Клод Гельвецийдің көреген сөздері есіме түсті: «Өз билеушілерін бетіне басып сынауға хұқы жоқ халықтардың, мақтауға да құқы жоқ. Құлдардың мақтауы ештеңені де білдірмейді». Біздің осы парламент президентті сынап көрген емес, демек оны мақтауға да құқы жоқ. Себебі әділ сын барды «бар» деп, жоқты «жоқ» деп саралап баға береді.

Мен Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да. Ол Д.Қонаевты тақта отырғанда мақтап, тақтан түскенде Колбинге ұнаймын деп сынағандардың бірі. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ (1987ж.) Пленумында іс пен сөздің алшақтығын, саяси сенімнің төмендігі, саяси тәкәпарлық, менмендік, құр мадақ биліктің беделін түсіретіндігін айта келіп, Қ.Сұлтанов былай деген еді: «Осы тұста менің ойыма мынадай сұрақ оралады: бірінші басшылықтың атағын аспанға көтерген кім? Көптеген белгілі басшылар, өздері Орталық комитеттің мүшелері, жылдан жылға үдете түсті, әуелі «құрметтіден» бастап, сонан соң не себепті «аса құрметтіге», одан кейін «көрнекті қайраткерге» айналдырды? Халықтың арасында қандай пікір туғызды, жастарға қандай үлгі көрсетті?». («Социалистік Қазақстан», 17 март, 1987 жыл.)  

Ал президентті жарыса мақтаған депутаттар бүгін жастарға қандай үлгі көрсетіп отыр?

«Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген осы емес пе?

Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын  халық қабылдамайды. Президент те қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, «мақтатып отыр» дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну қауіп деген сөз шыққан.

Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары, өзімізді өзгемен салыстырып  бағалайды, арзан сөзге алданбайды.

Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білу саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр.

А.Айталы,


философия ғылымдарының докторы, профессор


ДЕРЕККӨЗ: Abai.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x