ЕРЕСЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЕРТЕГІ

Dalanews 16 қаң. 2015 10:47 405

12 қаңтар күні Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Тамшы» мәдениет пен ғылымды қолдау қорының демеуімен белгілі театр және кино актері Сафуан Шәймерденов өзінің антрепризалық театрының алғашқы қойылымын қойды. Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын»  (ересектерге арналған ертегі) сахналап, моноспектакль түрінде жалғыз өзі оншақты кейіпкерді алып шыққан актердің кәсіби шеберлігі мен ізденгіштігіне жұрт тәнті болды.

«Шынымен де, ересектер түсініксіз жандар», «Ең маңызды әдемілік көзге көрінбейді»... Мұны неге ұмттық, тәйірі? Өзімізді өзіміз жегідей жеп жүріп, тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп екенін неге ойламаймыз? Бала көңілінің тазалығын, шынайылығын қай жерде ұмыт қалдырдық? Зымыраған жылдарға ілесіп, өзімізден өзіміз алыстап кеткен жоқпыз ба? Әдемілікті көрмек түгіл, оған таңданбайтын болғанымыз неліктен? Қойылымның өзегі осы сұрақтарға жауап іздейтіндей...
Шынында біз кімбіз? Өзін ақылды, ересек санайтын адамдар дүниені мейлінше қарабайырландырып жіберген жоқпыз ба? Қойылым адамның өзін өзіне жақындатады. Сонысымен де құнды.  

[caption id="attachment_8637" align="alignright" width="492"]Театр және кино актері Сафуан Шәймерденов. Театр және кино актері Сафуан Шәймерденов.[/caption]

Сафуан Шәймерденов бұған дейін кинода және театрда әртүрлі образдарды сомдап, өнер майданында есімін елге танытқан саңлақтардың бірі. Бұл рет Ж. Қонаева аударған мағынаға, мазмұнға толы «Кішкентай ханзаданы» бір өзі ойнап шықты. «Театр – жалғыз актер» ұғымы Батыс жұртшылығында бұрыннан бар тәмсіл. Олар үшін таң болмас, бірақ дәл қазақ театрында бұған дейін бір спектакльді жалғыз актер ойнағанын көрген де, естіген де емеспіз. Демек, бұл қойылымның ең басты ерекшелігінің өзі актердің оншақты кейіпкерді жалғыз өзінің ойнауы болды. Және бір кейіпкерден екіншісіне, одан ары тізбектеп, еш іркіліссіз, көрерменін ойға да, нәзік мұңға да, әсерлі сезімге де еліттіре отырып, аяғына дейін ертіп отырды. Бір жарым сағатқа созылған қойылымды жұрт сілтідей тынып тамашалады. «Тамашалады» дегеніміз қалыпты сөз, әркім сахнадағы ойын арқылы өзінің балалық шағын, естеліктерін, қазіргі көңіл түкпіріндегі тазалықтарды қайта бір ақтарып, кіршіксіз, риясыз сезімдерді бастан кешті.

Әуелі қойылымның дәстүрлі театрлардан бірнеше ерекшелігі бар екенін айтуға тиіспіз. Мұнда қатып қалған декорация, сахналық безендіру жоқ. Бар болғаны үстел, орындық және жіпке асылып тұрған жалғыз қобдиша. Үлкен театрлардағы айрықша декорацияларды көріп, көзі үйренген жұрт мұны бірден қабылдай қоюы екіталай. Сондай-ақ, режиссердің (Болат Әбдрахманов) күрделі ойға құрылған пьесаны ежіктеп, түсіндірместен, бірден тереңіне тартар желі құрғанын да көп адам түсінбей қалуы бек мүмкін. У-шу, даңғаза аз, оның орнын шынайы қимыл, көременмен көрерменше сөйлесетін қарапайымдылық, баяу ырғақ алмастырған.
Мұнда қатып қалған декорация, сахналық безендіру жоқ. Бар болғаны үстел, орындық және жіпке асылып тұрған жалғыз қобдиша. Үлкен театрлардағы айрықша декорацияларды көріп, көзі үйренген жұрт мұны бірден қабылдай қоюы екіталай.

Пьесаның ұзын-ырғасы төмендегідей. Сахара шөліне ұшағы бұзылып қонған Ұшқыш өзінің балалық шағы туралы ойланады да, соны ақырын әңгімелей бастайды. Бала кезінде суретші болуды көксеп, пілдің суретін салады. Үлкендерге көрсеткенде олар бірден: «Бұл қалпақ қой» дейді. Бала аң-таң. Шеберлігін жетілдіру үшін сол суретті анығырақ етіп қайта салады. Үлкендер тағы да қалпақ екенін айтады. Ұшқыш сол сәтті есіне түсіріп, үлкендердің көзқарасының қашанда бала көңіліндегіні дәп басып тани алмайтынына таңданады. Осы кезде иен далада өзге ғаламшардан келген Кішкентай Ханзада келеді. Ол ұшқышқа қошақанның суретін салып беруді өтінеді. Бірақ ананы-мынаны сызғанымен, бәрібір оның көкейіндегі суретті сызып бере алмайды. Оған әлгі суретті көрсеткенде: «Бұл – піл» дейді бірден. Міне, Кішкентай ханзада мен Ұшқыштың арасындағы диалог осыдан басталады. Ақыры, ұшқыш оған кішкентай қобдишаның суретін сызып, «Міне, сенің қошақаның» дейді. Осы қобдишаның ішінде өзінің қошақаны барлығына иланған бала мәз болып, оны өзінің әлеміне алып кетуді армандайды. Бұдан кейін бала өзінің жалғыз Гүлі барын айтып, оны қошақанның жеп қоюы мүмкін екенін ойлап, жүрегі ауырады. Бұдан кейін сахнаға Раушан гүл, Патша, Атаққұмар, Маскүнем, Іскер адам, Географ, Шырақшы, Түлкі, Жыландар бірінен соң бірі шығады. Әркімнің өз әлемі бар. Барлығы өз әлемінің қожасы. Кішкентай ханзаданың сапары барысында түйгені, барлығы өз планеталарында жалғыз болғанына қарамастан, өздерін сол жердің әміршісі сезінетіндігі. Патша да, Атаққұмар да, Іскер адам да жанында ешкім болмаса да, сол әлемге билік етуді армандайды. Жалғыз өзі – бүкіл елдің тұтқасы. Ойлап қарасақ, қойылымның өне бойында адамдардың эгоистігі, менмендігі, атаққұмарлығы, өзімшілдігі аяусыз сыналады.  

Шынында біз кімбіз? Өзін ақылды, ересек санайтын адамдар дүниені мейлінше қарабайырландырып жіберген жоқпыз ба? Қойылым адамның өзін өзіне жақындатады. Сонысымен де құнды.  

Асылы, бұл қойылымның айтар ойы тым тереңде жатыр. Біз бетін қалқып беріп отырмыз. Бізді қуантқаны, қазақ театрына өзіндік ізденіспен жаңа кезең бастауды көксеген актердің батылдығы. Жаңалыққа жаны құмар көрермен үшін – олжа, жаңалықтың бәрін жатсына қаратйындар үшін – «түкке тұрғысыз дүние». Моноспектакльдің жүгі ауыр. Оған сай пьеса жазу үшін ізденгіш, ойлы, қаламы қарымды драматург керек. Жастардың арасынан жаңа қойылымға арқау болар пьеса жазатын қаламгерлердің табыларына сенеміз. Сонымен қатар, «Тамшы» қорының басы-қасында жүрген азаматтарға да айтар алғысымыз шексіз. Өнерді қолдағандардың ұтылғаны жоқ.

Т. ӨСКЕНБАЙ.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x