Желтоқсан жаңғырығы

Dalanews 16 желт. 2021 08:32 444

Биыл КСРО-ның ыдырауын жеделдеткен Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне тура 35 жыл. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңына (қазіргі Республика) жиналған мыңдаған жас Д. Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылықтарын білдіріп, ҚКОК-нің 1-хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап еткен болатын. Жиналған топтың оңайлықпен тарамайтынын білген Кеңес билігі жастарды алаңнан күштеп қуды.

Желтоқсан оқиғасында қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты емес. Ресми деректерде қайтыс болған төрт адамның ғана аты айтылса, бейресми дереккөздер марқұм болғандар санының бұдан әлдеқайда көп екенін мәлімдеп келеді. Сондай-ақ, осы көтеріліске қатысқан 99 жас азамат сотталып, 264 студент оқудан шығарылған.

Жалпы, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін посткеңестік елдердің сарапшылары КСРО-ны құлатуға бірден-бір түрткі болған оқиға екенін айтады. Өзге елдер мойындағанымен, Қазақстан билігі аталған оқиғаға әлі нақты бағасын берген емес.

Десе де Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңында жер-жерде ресми шаралар ұйымдастырылып, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне саяси баға беру керектігі айтылып та жүр.

Бүкіл Қазақстан бойынша 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысқан адамдардың тізімін түзу де қолға алынып келе жатқан секілді.

Кезінде осы көтеріліске қатысқаны үшін қудаланып, жазаланбау үшін желтоқсандықтар  алған дене жарақатын, көрген азабын жасыруға мәжбүр болды. Сондай  жастардың қатарында біздің әріптесіміз Өзенбекқызы Перуза Асылбек (Асильбекова). Ол күрестен тайынбай, оқиғаның ортасында жүргенін өзінің азаматтық борышы санағандықтан болар, сол бір қанды оқиғаға қатысқанын дәлелдеуге тырысқан да емес.

Дегенмен уақыт өте ресми құжаттар арқылы оның желтоқсаншы екені анықталып, жуырда өткен еліміздің болашағы үшін күрескен желтоқсаншыларды марапаттайтын жиналысқа қатысып, тиісті мәртебесін алып қайтты.

Бүгінгі күннің батыры атанған Перуза Өзенбекқызы 1964 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Коммунар ауылындағы ұстаздар отбасында дүниеге келген.

1981 жылы орта мектепті, 1987 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ – ды (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінің корректоры болып бастаған жас журналист 1994 жылдан бастап «Байланыс» газеті редакциясының шығармашылық қызмет бөлімінің меңгеруші қызметіне жоғарылатылады. 1997-2002 ж. ж. аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты «Ваш транскурьер» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарады.

2009 жылдан бастап «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында, 2011 жылдан күні бүгінге дейін «Алматы ұстазы/Учитель Алматы» республикалық ақпараттық-әдістемелік журналының жауапты редакторы қызметінде қаламын ұштап келеді.

2012 жылдан бастап «Өрлеу» Біліктілікті Арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің бастығы қызметінде болған уақыт аралығындағы П. Ө. Асылбектің баға жетпес үлесін атап өту маңызды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ қызметін республикалық теледидарда, республикалық БАҚ-та, әлеуметтік желілерде танымал етіп келеді. Пандемия жағдайында қашықтықтан білім беруді қолдау бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ тренерлерінің сапалы қызметін қамтамасыз етуде белсенділігімен ерекшеленді.

2014 жылы Педагогика және психология мамандығы бойынша «Түркілік мұралардағы отбасы тәрбиенің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін қорғады.

Асылбек П. Ө. – «Мәңгілік мұралардағы отбасы тәрбиесі», «Тіл – таным және патриоттық тәрбие құралдары», «Қазақ халқында отбасы тәрбиесінің қалыптасуы» атты ғылыми мақалалардың авторы.

Перуза Өзенбекқызы жоғары кәсіби журналист, білікті басшы және адал қызметкер ретінде де танымал. 2021 ж. 31-мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Қазақстан Республикасының 100 жылдығына орай Алаш ұлттық идеясын насихаттауға, демократия қағидаттарын қорғауға қосқан үлесі үшін медалін кеудесіне тақты. Әріптесіміз ерекше еңбегі үшін бірнеше рет «Өрлеу» БАҰО» АҚ және Алматы қаласы білім басқармасының Құрмет грамоталарымен және бірнеше дүркін Алғыс хаттармен марапатталған. Қазақтың күрескер қызы, әріптесіміз – Перузаның алар асуы, шығар шыңы биіктей берсін.

Иә, желтоқсан жаңғырығы әлі талай тағдырлы замандастарымызды жария етері сөзсіз. Тарих таразысына түскен бұл оқиға жәй оқиға емес, ұлт-азаттық күрес демеске амалың бар ма, ағайын?!

Ш. Битен

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x