Қазақстанда 470 мыңнан астам адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы 679 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайлары үшін түрлі өтемақылар алды. Бұл мақсатқа жұмыс берушілер 297,4 миллиард теңге бөлген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген қызметкерлерді әлеуметтік қорғау үшін арнайы төлем енгізілді. Бұл төлемді алу үшін қызметкердің жасы 55-ке толуы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде жеті жыл бойы төленуі тиіс. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам қызметкер зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатып, арнайы төлем алып жатыр.
Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1400-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі, оның шамамен 200-і өліммен аяқталады. Жазатайым оқиғалардың ең көп тіркелетін салалары – тау-кен металлургия кешені (15,3%) мен құрылыс саласы (12%). 2024 жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 1042 жазатайым оқиға туралы материал жолданып, олардың негізінде 215 қылмыстық іс қозғалды. Елімізде 7,7 мыңнан астам өндірістік нысанға аттестация жүргізілді.