2025 жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша, қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 22,68 трлн теңгеге жеткен. Соңғы 12 айда оның көлемі 4,18 трлн теңгеге (немесе 22,6%) ұлғайды. Бұл туралы мәліметпен БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі бөлісті. Жалпы цифрлардан жалқыға көшсек, жыл басы қор үшін табысты болды деп айта алмаймыз. 2025 жылдың басынан бері БЖЗҚ салымшылары 370,56 млрд теңге жоғалтты. 2025 жылғы қаңтар-ақпанда ЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі минус 1,64%-ды құрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ал 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы инвестициялық кірістің төмендеуін қордағылар уақытша сипатқа ие екенін әрі оның зейнетақы активтерінің нарықтық және валюталық құнының өзгеруімен байланысты екенін нақтылайды. Атап айтқанда:
- Қаңтарда теңгеге шаққанда 1 АҚШ доллары 525,11 теңгеден 518,14 теңгеге дейін және ақпанда 518,14 теңгеден 499,22 теңгеге дейін нығаюы салдарынан валюталық активтер бағасын аздап жоғалтты.
- Инфляция көрсеткіші мен инфляциялық күтулердің артуы, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі тарапынан бағалы қағаздардың жоғары ұсынысы аясында олардың кірістілігінің артуына байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының нарықтық құнының төмендеуі.
- 2025 жылдың алғашқы екі айында тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдері (БЖТ) түрінде 157,89 млрд теңге аударылды.
Сондай-ақ БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелін басқарушылардың бірі Ұлттық Банк те бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.
"Қазір қорда 22 трлн теңгеден астам қаражат бар. Бұл қаражаттың едеуір бөлігі, яғни 30 пайызға жуығы валюталық активтерге инвестицияланған. Жыл басынан бастап қордың кірістілігі шамалы -1,64 пайызға уақытша төмендеді. Бірақ, бұл қаражатты "жоғалттық" деп байбалам салуға негіз бола алмайды. Бұл активтердің уақытша өзгерістерін ғана көрсетеді", - дейді Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин.
Оның айтуынша, активтердің төмендеуіне мынандай бірнеше факторлар әсер етті:
- Мемлекеттің бағалы қағаздары арзандады, яғни оларға ұсыныс артып, баға төмендеді, бұл – экономикалық заңдылық;
- Теңге бағамындағы өзгеріс – өздеріңізге белгілі, жыл басында 1 АҚШ доларының құны 525 теңгеден 499 теңгеге дейін арзандағаны, сондықтан валюталық активтердің теңгелей құны төмендеді.
- Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық- кейбір шетелдік активтердің құны да арзандады.
"Осылардың барлығы БЖЗҚ портфелінің кірістілігіне теріс әсер етті. Дегенмен, бұл нақты шығын емес. Уақытша өзгерістер екенін түсінген жөн. Жағдай тұрақталған кезде активтердің құны өсе түседі. Зейнетақы активтерінің табыстылығын қысқа мерзімде қарастыруға болмайды, өйткені олар - ұзақмерзімді инвестициялар. Кем дегенде бір жылдың есебіне қарау керек. Мысалы, 2024 жылды алатын болсақ, кірістілік - 17,84 пайыз, инфляция - 8,6 пайыз. Ұлттық Банк түрлі тәуекелдерді ескеріп, БЖЗҚ қаражатын түрлі активтерге инвестициялайтынын баса айта кетейін", - дейді Нұрғазин.
Жалпы, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, ЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 17,36 млн бірлікті құрады.
Зейнетақы активтерінің 2024 жылғы кірістілігі 17,8% көрсетті, есептелген инвестициялық кіріс мөлшері - 3,4 трлн теңге. Ал 2014 жылғы сәуірден 2024 жылға дейінгі кезеңдегі жинақталған кірістілігі 180,2%, осы кездегі жинақталған инфляция мөлшері - 156,0%. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі бір жыл ішінде 31,7%-дан 40,2%-ға дейін артты.
"2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы инвестициялық кірістің төмендеуі уақытша сипатқа ие, ол зейнетақы активтерінің нарықтық және валюталық құнының өзгеруімен байланысты екені айтылады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін 2025 жылы да Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған негізгі бағыттар шеңберінде нарықтық шарттарда инвестициялауды жалғастырылады. Бұған қоса, валюта портфелінің қолданыстағы стратегиялық аллокациясын акциялар мен баламалы құралдар сияқты активтердің неғұрлым кірісті сыныптарын 40%-ға дейін ұлғайту жолымен қайта қарау жоспарлануда. Әлемде зейнетақы және егеменді қорлар кеңінен қолданатын үлесі 10%-ға дейінгі баламалы құралдарға (хедж-қорлар, жеке капитал қорлары, жылжымайтын мүлік қорлары және басқалар) инвестициялауды қосу мәселесі қаралатын болады", делінген БЖЗҚ хабарламасында да.