Израильдік компания Жетісуда күн электр стансасын салуға уағдаласты

Dalanews 13 сент. 2023 04:14 849

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов израильдік инвесторлармен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік компания Жетісу жерінде қуаты 500 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы жобасын жүзеге асыруға ниетті.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов "El-Mor electric installation & Services  (1986) Ltd" компаниясының президенті Гершон Гай мырза бастаған компания өкілдерімен іргелі жобаға қатысты мәселелерді талқылады.

Алдымен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне қысқаша тоқталып, Жетісу өңірінің жасыл энергияны дамытудағы әлеуетінің мол екенін атап өткен Әсет Қанағатов шетелдік компанияның ұсынып отырған инвестициялық жобасына жергілікті әкімдік барынша қолдау көрсететін айтты.

Израильдік компания жаңартылған энергия көздері саласында қуаты 500 МВт болатын «Жетісу облысы аумағындағы күн фотоэлектрлік электр станциясы кешенінің құрылысы» жобасын отандық «Sunstar Energy» ЖШС-мен бірлесіп қолға алуға ынта білдіріп отыр.


Компанияның инвестициялар жөніндегі директоры Давид Голодтың айтуынша, жобаға шамамен 400 млн доллар көлемінде инвестиция салынады.

Әсет Қанағатовтың айтуынша, алдағы уақытта құрылысқа қажетті жер учаскесі айқындалып, жұмыс тобы құрылып, жобаны іске асырудың нақты шаралары мен мерзімдері белгіленетін болады.

Кездесу соңында облыс әкімдігі, «El-Mor electric installation & Services  (1986) Ltd» компаниясы және «Sunstar Energy» ЖШС арасында аталған жобаны жүзеге асыру ниеті туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.

Рекомендовать
Последние новости