Интерпол Қайрат Сатыбалдының қайын атасына іздеу жариялады

Көркем Алдабергенова 30 апр. 2024 12:00 130799

Интерпол Қайрат Сатыбалдының қайын атасы Бахтияр Байсейітовке іздеу жариялады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Қазтаг" мәліметінше, Интерпол Бахтияр Байсейітовке Қаратау кенішіндегі ұрлық фактісі бойынша іздеу салған.

"Антикора" пресс-релизінде айтылған "Iri building" ЖШС-нің іздеуде жүрген иесі – Сатыбалдының қайын атасы. Қазір Интерпол оны іздеумен айналысып жатыр», - дейді дереккөз.

Айта кетейік, бүгін Антикор Қаратау кенішіндегі уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту кезінде 862 млн теңге жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қаратау" ЖШС бұрынғы басшылығына ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ еншілес ұйымы), "Iri building" ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтады.

Мердігер 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.

Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және "Қаратау" ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлылық нәтижесінде жасалған.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді. Сөз болып отырған "Iri building" ЖШС-нің иесі іздеуде.


Рекомендовать
Последние новости