Индустриялық парк – жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартатын маңызды алаң – Жеңіс Қасымбек

Жарбол Кентұлы 29 нояб. 2024 10:15 1182

Астана қаласының Индустриялық паркінде ораналсқан кәсіпорындар түрлі өнім шығарып, тұрақты жұмыс орындарын ашып қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін маңызды нысанға айналып келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыруда мұндай парктердің маңызы зор, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Индустриялық парк елорданың солтүстік бөлігінде орналасқан және 600 гектар аумақты қамтиды. Оның стратегиялық орналасуы көлік логистикасы үшін өте қолайлы. Әуежай мен теміржол вокзалына жақындығы өндірістік компаниялардың өнімдерін жылдам жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, парк инфрақұрылымы заманауи стандарттарға сай жасақталған. Мұнда электр энергиясы, газбен жабдықтау, су жүйелері, байланыс желілері және көлік жолдары сияқты барлық қажетті коммуникация қарастырылған. Өз кезегінде Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек паркті қалаға инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін стратегиялық аумақ екенін атап өтті.

– Индустриялық парк – өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы. №1 Индустриялық парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі шамамен 317 млрд теңге инвестиция сомасына 121 жобаны қамтиды. Оның ішінде 70 жоба толыққанды жұмыс істеп, 5700-ден астам жұмыс орны ашылды, – деді қала басшысы.

Таяуда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов индустриялық паркке арнайы келіп, оның өндірістік қуатымен танысқан болатын. Өз кезегінде Үкімет басшысы телекоммуникациялық жабдықтарды шығарумен айналысатын «Digital System Service» ЖШС зауытын аралап көрген болатын. Ауданы 7,5 мың шаршы метр зауыт бағдарламалық қамтамасыз етіп, дайын өнімді құрастыру мен орауды есептегенде, өндірістің толық циклін қамтамасыз етілгенін айта кетуіміз керек.

Сонымен қатар қала басшысы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке индустриялық парктегі магистральдық тепловоздар құрастыратын «Локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорнын көрсеткен болатын. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап 611 локомотив құрастырылған, ал локализация деңгейі 75%-ға жетіп отыр. Жобаға 30 млрд теңге инвестицияланып, 750-ге жуық жұмыс орны құрылды.

Индустриялық паркте бұдан басқа «Ashina KZ» ЖШС тігін фабрикасын, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты да табысты жұмыс істеп жатқанын айта кетуіміз керек.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, елдің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті. Шағын және орта бизнестің үлесі ЖІӨ құрылымында 72%-ды құрайтынына назар аударған жөн. Осы жылдың 10 айында Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі де 7%-ға артты, – деді Жеңіс Қасымбек.

 


Рекомендовать
Последние новости