Әлемдегі ең бай адам Илон Масктің байлығы 677 млрд долларға жетті. Бұл өсімге оның SpaceX компаниясындағы үлесінің қымбаттауы себеп болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Forbes дерегінше, желтоқсан айында жасалған тендерлік ұсыныстан кейін Маскке тиесілі SpaceX компаниясындағы шамамен 42 пайыз үлестің құны 336 млрд долларға бағаланған. Компанияның бағасы қысқа уақыт ішінде екі есе өсіп, тамыз айындағы 400 млрд доллардан 800 млрд долларға дейін көтерілген. Бұл туралы Forbes-ке SpaceX-тің екі инвесторы мәлімдеген.
Forbes-тің жазуынша, Илон Маск тарихта алғаш рет жеке байлығы 600 млрд доллардан асқан адам атанды. Бұл оқиға SpaceX-тің 2026 жылы акцияларын биржаға шығаруды (IPO)жоспарлап отырған кезеңімен тұспа-тұс келді. Инвесторлардың айтуынша, егер IPO сәтті өтсе, компанияның жалпы құны 1,5 трлн долларға дейін жетуі мүмкін.
Алдағы IPO Илон Маскті долларлық триллионерге айналдыруы да ғажап емес. Forbes бағалауынша, Масктің ең қымбат активі — дәл осы SpaceX-тегі үлесі. Бұдан бөлек, оның Tesla компаниясындағы 12 пайыздық үлесі 197 млрд доллар деп бағаланып отыр. Алайда бұл сомаға 2018 жылы бас директор ретіндегі ерекше еңбегі үшін берілген акция опциондары кірмейді. Аталған опциондар 2024 жылдың қаңтарында Делавэр штатының судьясы шешімімен жойылған. Осыған байланысты Forbes олардың құнын уақытша 50 пайызға қысқартып, 69 млрд доллар деп есептеген. Бұл шешім Масктің сотқа берген апелляциясы қаралғанға дейін қабылданған.
Сонымен қатар, қараша айында Tesla акционерлері рекордтық сыйақы пакетін мақұлдады. Егер компания алдағы он жыл ішінде нарықтық құнын сегіз еседен астам арттыра алса, бұл пакет Илон Маскке 1 трлн долларға дейінгі қосымша акция әкелуі мүмкін.
