Жастар мен көлік жүргізушілердің сүйікті сусыны Gorilla Қазақстанда өндірісті тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Gorilla - ТМД кеңістігіндегі ірі сусын өндірушілердің бірі. Компания жылына 60 миллион литрден аса өнімді шетелге шығарады және жуырда "Жылдың үздік экспорттаушысы" атанған. Алайда жаңа салық талаптарына байланысты өндірісті Өзбекстанға көшіруі мүмкін деген ақпарат тарады.
Мәліметке сүйенсек, бұған 2026 жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексі себеп болып отыр. Құжатқа сәйкес энергетикалық сусындар акцизделетін өнім қатарына қосылады. Бірақ экспорт кезінде бұл алымнан босату тәртібі қарастырылмаған. Әсіресе, тапсырыс берушінің шикізатынан өндірілген өнімдерге жеңілдік жоқ. Мамандар мұны елеулі салдары бар техникалық олқылық деп бағалап отыр.
Ел экономикасына әсері
Егер компания кетсе:
-
жылына 60 млн литр экспорт көлемі қысқарады;
-
100 млн доллар көлеміндегі шетел валютасының түсімі азаяды;
-
саладағы 4 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін;
-
бюджетке түсетін салық 5-6 млрд теңгеге кемиді.
Жалпы ахуал
Кейбір деректер бойынша бірқатар ірі өндіруші де елден кету мәселесін қарастырып жатыр. Бұл бір жағынан Өзбекстан Орталық Азияда кәсіпкерлікке қолайлы елге айналғанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, мәселе шешілмесе, Қазақстан инвестициядан, жұмыс орындарынан және салық түсімдерінен айырылып, аймақтағы экономикалық басымдық позициясын әлсіретуі мүмкін.
