Хасен Қожа-Ахмет: «Қазақта оқыған көп, күрескер тапшы»

Dalanews 03 сент. 2019 05:15 1216

Мынадай бір феномен бар, темекі шеккіштер, арақ ішкіштер өзгелерге «Мен сияқты болма!» деп ақыл айтқанды ұнатады екен.

Сондай-ақ қоғам өзі бұзылған бола тұра, зиялылардың материалдық байлыққа сатылмағанын, жағымпаз болмағанын қалап, өзінде жоқ биіктікті, тазалықты солардан көргісі келеді.

Өздері екіжүзді бола тұра, «зиялы» дегендердің жағымпаздығын кешіре алмайды.

Сондықтан әлгі қазан айындағы кездесуде  Бекболат Тілеухан, Ақселеу Сейдімбек, Нұрлан Оразалиннің сөздері, әсіресе, Қабдеш Жұмаділовтің: «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы» – деп тақылдатқаны, оппозициялық басылымдардың айтуынша, жұртшылықтың  жиіркенішін туғызған көрінеді.

«Зиялы қауым деп жүргеніміз қара басының ғана қамын ойлаған зиянды қауым екен ғой», – дейді Дінәш Нұрмұхамет («Азат» газеті 10.11.2004 ж.). Шынында да, Елбасы әлгі шығармашылық топтар өкілдерін туған күніне, комплимент айтуға емес, халықтық мәселелер бойынша пікір алысуға шақырғанда әлгіндей тақпақ айту қажет па еді?

Тарихымыздың арғы-бергісінен хабары болса, осынау «зиялы» дейтін азаматтар Абылай ханның да сарайында талай ақын болғанын, бірақ ғасырлар өтсе де, халық жадында Бұқар жыраудың қалу себебі оның ханға өзгелердей жарамсақтанбай, ел жағдайын, биліктің теріс жерлерін қаймықпай айта білгендігінен екенін ойлауға тиіс еді ғой?!

Өз әріптестері туралы газет тілшісіне ақын Есенғали Раушан:

 «Жалпы, 60-жылдары әдебиетке келгендерге өкпелеуге болмайды. Олардың дені – әкесі соғыста өлген жетім балалар.... Олардың көбі әлі күнге жетімдерге тән психологиямен өмір сүріп жүр.   Сенбейсіз бе, қылықтарына, қимыл-қарекеттеріне қараңыз, ылғи біреуден бірдеңе дәметіп, сұрамсақтанып жүреді. Бұл айтқаным келмесе, жазғандарын оқыңыз» дейді.


Батыс Еуропа елдерінде ескіден келе жатқан «Әйелдердің «көне кәсібі» –  жезөкшелік, ал еркектердің «көне кәсібі» –  корольға мадақ айту», –  деген афоризм бар екен.

Ендеше, жезөкшелікке теңелген жағымпаздықтан халық неге жиіркенбесін?!

Негізінде, жағымпаздық екі себепте: жаны үшін қорыққанда және жеңіл жолмен материалдық пайда табу үшін жасалады екен.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Сталиннің:

«Әр халық өзінің ұлттық батырларын насихаттау арқылы жауынгерлік рухын көтерсін!» деген нұсқауынан кейін, осы тапсырысты орындау үшін Кенесарыны дәріптеп, қазақтың көптеген ақын-жазушылары, тарихшылары шығармалар жазды.

Сол еңбектері үшін Мемлекеттен сыйлықтар да алып, қарық болды. Көп ұзамай-ақ, үкімет саясатындағы өзгеріске байланысты, әлгі шығармалары       «теріс пиғылды» аталып шыға келіп, әсіресе тарихшы Е.Бекмаханов ауыр жазаға ұшырады емес пе?

 Тоталитарлық биліктің халықты түрлі жолдармен үрейлендіріп ұстауы ой еңбегі адамдарында «ішкі цензура» қалыптастырды.


«Үндемеген-үйдей пәледен құтылады» деген, қоғам, ұлт жағдайы туралы жақ ашпайтын, биліктің қабағын бағып сөйлейтін принципсіз «зиялы қауым» пайда болды.

«Қазақта оқыған көп, күрескер тапшы» дейтінім сондықтан.

Бірақ тоталитарлық кезеңде «үндемесең де үйдей пәледен құтыла алмайтын», жаламен жазалаған жайттар мыңдап болды.

Тоталитарлық жүйе құрушы диктаторлардың (Сталин, Гитлер, Мао, Пол Пота, т.с.с) барлығына тән дерт – интелектуалдарды қуғынға ұшырату, оларға жұмысшы, шаруа сияқты дене еңбегінің адамдарын қарсы айдап салу.

Мұның себебі – халық зиялылардың пікірін тыңдап, ойланып, билікке қауіп төндірмесін деуден және диктаторлар негізінен, шала сауатты болатындықтан өзінен білімділерді жек көруден.

Диктаторлардың сүйікті бір тәсілі –  өзін интеллектуалдарға мақтау арқылы халық алдында бедел жинауға тырысу.


Шала сауатты диктаторды елдегі академик, профессорлар, т.б. зиялылар  мадақтап жатса, әлгі билеушінің» мемлекеттегі ең данышпан, еш баламасыз адам» екендігіне халық қалайша иланбасын?!

Диктатор билеуші өзі «ортадағы жарық жұлдыз» боп көрінуі үшін маңайына сауаты өзінен де төмен я болмаса билікті мадақтағыш, принципсіз «оқығандарды» ғана жинайтыны белгілі заңдылық.

Халықты үрей арқылы басқарудан өзгеге қабілеті жетпейтіндіктен, сауатсыз билеуші мемлекетте авторитарлық, тоталитарлық жүйе орнатуға тырысып бағады.

Өз халқының ішінен үнемі жау іздеуді дәстүріне айналдырған тоталитарлық мемлекеттерде адамдар өз басын қорғамақ пиғылмен билікті мадақтап қана қоймай, өзгелерді қаралау арқылы да үкіметке берілгендігін дәлелдеуге жан салғаны жайлы тарихымызда мысалдар мыңдап саналады.

«Зиялымыз» дейтіндердің мұндай қылығынан бертіндегі мысал келтірсек 1986 жылы желтоқсанда халқын қолдау орнына, бір топ «оқығандарымыздың» (М.Айтқожин, А.Әшімов, Қ.Бекқожин, Ғ.Қайырбеков Е.Серкебаев) ұлт патриоттарын айыптап, үкімет дайындаған құжатқа қол қойғандары естеріңізде болар?!

Ал кейіннен «батырмын» деп шыға келген Кәрішал Асанов деген 17-желтоқсанда, отаршылдардың жендеттері Алматы алаңында қазақты қан жоса етіп жатқан сәтте, үкімет мәжбүрлемесе де өзі пысықтық танытып, Горбачевке: «Колбинді Қазақстанға басшы еткеніңіз нағыз дана шешім!...» деп телеграмма жөнелткен.

Сол, 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан халқымен бірге боламын деп соққыға жығылып, қызметінен қуылған режиссер Әзірбайжан Мәмбетов пен актер Тұңғышбай Жаманқұловты 1992 жылы бір жиын үстінде еске алғанымызда, кейбір «оқығандардың» күлкіге айналдырмақ болғанын да көрдік. Өздері ерлік жасай алмайтын және ерлік ұғымының парқын түсіне алмайтын міскіндердің қылығы бұл!...

  Жарайды зиялы саналатындар Желтоқсан көтерілісі кезінде көшеге шығып, дүлей күшпен шайқаспай-ақ қойсын.


Бірақ сол кездері тайсалмай, көтерілісшілер туралы үкіметтен өзгеше пікір айтқан ақын Жұбан Молдағалиевты, жазушы Бейбіт Қойшыбайды қауым болып қолдап, желтоқсандықтарға араша түссе, зиялылардың ешкім де басын кесіп алмас еді.

Өз жандарын алаңға шыққандардан артық санаған үрейшілдер дәл сол кездері композитор Жолал Дәстеновтың еш қорықпастан мені соттатпау үшін, Сағат Әшімбаев екеуі ақылдасып  Қазақ теле-радио комитетіндегі әріптестерімді алты күнге созылған сотқа қатыстырып маған қолдау көрсеткенін, Колбинге, сотқа хат жазғандарын біле ме екен?..

Иә тоталитаризм кезінде бір- бірінің үстінен домалақ арыз, мақала жазып, жиындарда «әшкерелеп», қазақ оқығандары өзді-өзін (ұлт үшін қай-қайсының да қажет екенін ойламастан) қырғынға ұшыратқаны белгілі жайт. Бірақ дәл орыс жазушысы Корней Чуковскийдей биліктің көңілін табамын деп балаларға да репрессия жасауды ұсынған қазақ болмаған шығар-ау!..

(Жалғасы бар)


Мақала "Қала мен Дала" газетінде жарияланды



Рекомендовать
Последние новости