Хасан Қасымбаевтың ұсталуы Шерзаттың өлімімен байланысты ма?

Көркем Алдабергенова 04 нояб. 2024 09:17 37013

Хасан Қасымбаевтың ұсталуы - Шерзаттың өлімімен байланысты емес. Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаменті өкілдері айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А.-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген. Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - дейді ПД өкілдері. 

Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.

Еске салайық, бұған дейін марқұм Шерзаттың ісінде “Хутор” бандасының жетекшісі ретінде аты шыққан Хасан Қасымбаев қылмыс жасаған күдіктілерді танымайтынын жеткізді. 

Қасымбаев “Хуторлықтар” деген қылмыстық топқа еш қатысы жоқ екенін және бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартты.

“Бұл тек өсек-аяң, әлеуметтік желі қолданушылары ойдан шығарған жала. Тұрар Рысқұлов ауылы бұрын Хутор деп аталған. Соған байланысты елдің бәрі осы атаумен атап кеткен. Мен ол жерден 2015 жылы көшіп кеттім. Мені неге қылмыстық топтың жетекшісі деп атайтынын түсінбеймін. Заңды ешқашан бұзған емеспін. Сотталмағанмын. Адал жұмыс істеп жүрген адаммын”, - дейді ол Orda.kz агенттігіне берген сұқбатында.

Осы тұста ол марқұм Шерзаттың отбасын және қылмыс жасады деп айыпталып жатқан күдіктілерді де танымайтынын атап өтті.

“Бұл өте қайғылы жағдай. Мен оның ата-анасына көңіл айтамын. Баланы ата-анасының жерлеуі — кез келген адам үшін ауыр трагедия. Мұндайды жауыңа да тілемейсің. Мен Шерзат пен оның ата-анасын танымаймын, себебі ауылдан 2015 жылы көшіп кеткенмін.

Ал қылмыс жасағандар 1998-2000 жылғы балалар екен. Оларды да білмеймін. Бірақ әке-шешелерін тануым мүмкін”, - деді ол.

Алайда “халық айтса, қалып айтпайды” деген әлеуметтік желі қолданушылары атышулы “Хуторлықтарға” қатысты түрлі пікірді жаппай жазып жатыр.

“Осыған сенесіңдер ме? Сол Талғардың мыңдаған тұрғыны өтірік айтып отыр ма, ойлап қараңдаршы?! Бұл - 30 жылдан бері қордаланған мәселе. Енді келіп бүкіл ел құлақтанған соң қимылдап жатыр. Жергілікті құқық қорғау органдары, әкімшілік, билік өкілдері білмейді емес... Жабулы қазан жабулы тұрған, сондықтан өте-мөте аяғына дейін істі жеткізу керек. Ал осындай “байдың балалары” басқа жерде жоқ дегенге де ешкім сенбейді. ІІМ, Прокуратура бүкіл Қазақстанның 20 млн халқы сіздерден нәтиже күтіп отыр”, - дейді әлеуметтік желі қолданушысы.

Тағы бірі “жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды”, “ұйымдасқан қылмыстық топ болмаса, жәбірленушінің үйін өртеп кете ме?”, “ақсақ қой түстен кейін маңырайды” деген пікірлер қалдырған.

Бұған дейін Хасан Қасымбаев өзінің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында марқұм баланың әкесіне және тағы басқа тұлғаларға қарсы арыз дайындап, Талғар аудандық сотына тапсырған еді. 

Хасанның айтуынша, оның атына тағылған айыптар мен қоғамдағы әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол қарапайым тұрмыстық төбелесті ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыс ретінде көрсетуге тырысып жатыр деген пікірде.

Касымбаевтың пікірінше, оны атышулы қылмыстық топпен байланыстыру негізсіз. Әлгі арызда ол ешқашан кісі өлтіруге қатысты жастарды көрмегенін, білмегенін және олардың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Хасан кез келген қоғамдық алаңда, тіпті БАҚ арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін баса айтқан. Оның ойынша, бұл оқиға қарапайым тұрмыстық жанжал болған, бірақ оны әдейі бұрмалап, үлкен қылмыстық астар қосып, оның атына кір келтірмекші.

Бұған дейін БАҚ беттері мен әлемжеліде марқұм Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған бір топ бұзақының "Хутор" атты жергілікті бандымен байланысы бар деген ақпар тараған еді. Бірнеше дереккөз топтың төбе басында Хасан есімді азаматтың тұрғанын жазған.

Алматы облыстық полиция департаменті Шерзаттың өліміне күдікті ретінде ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық еш қатысы жоғын жеткізген.


Рекомендовать
Последние новости