ХАНТӘҢІР

Dalanews 17 апр. 2017 05:18 1052

Бал балалығым аспанға өрлеген Хантәңірдің бауырында өтті. Бұл шың туралы талай аңыз бен ертегіге қанып өстік. Басын мұнар бүркеп жататын Хантәңірдің жаз күндері таң атып, күн шыққанда күміс басы жарқырап көрінетін. Таңертең ерте тұрып, оны көрген адам бақытты болады деп сенетінбіз. Содан да ақ таңмен таласа тұрып, жарық күннің алғашқы сәулесіне маңдайын сүйдірген Хантәңірді көргіміз келетін. Хантәңір балаң арманымыздың жебеушісіндей еді. Көңілімізде сол асқақ қалпымен мызғымай қалып қойды.

Басын аппақ қар жапқан Тәңіртаудың баурайынан мың-сан бұлақ ағып, бұлқынған бұла тіршілік басталып жатады. Досхан ағаны алғаш көргенде сол басы аппақ қар, бауыры жасыл орман Хантәңірдің күміс басы санамда қайта жаңғырғандай болды. Бала күнімізден құлағымызға сіңген «Құрыштан құйған құдірет, қарттарым аман-саумысың» деген «ауыл қарттары» әнінің әсері болар. Өйткені, бала күнімде осы әннің «Құрыштан құйған құдірет» деген сөзін естігенде көз алдыма Хантәңір келетін. Бала көңілдің «құрыштан құйған құдіретке» тапқан баламасы сол еді. Досхан Жолжақсыновты алғаш көргенде, бала күнімдегі Хантәңір алдыма келіп тұра қалғандай әсерге бөлендім.

Тәңірі берген несібем шығар. Жақсы ағаның алақанын көп көрдім. Таласбек Әсемқұлов маған ағалық мейірін көп танытты. Досхан ағамен де Таласбек көкемнің үйінде таныстым. Бұл да бір қызық әңгіме. Таласбек Әсемқұлов пен Зира Наурызбаева жеңгемнің құтты шаңырағы мені талай жақсымен жүздестірген. Досхан ағамен де таныстығымызға осы шаңырақ куә.

Ұмытпасам, қара күздің соңы. Таласбек көкем  қоңырау шалып:

– Ербол, кешке үйге кел! Досхан Жолжақсынов ағаң қонаққа келеді, – деді.

Ертелеу барыппын. Менен біраз кейін күткен қонағымыз келді. Таласбек аға әдеттегі ақжарма пейілімен амандасқан жерден таныстыра бастады. Мақтауымды жеткізіп, көтермелеп айтты. Дастарқан басына жайғасқан сәтте Досхан аға маған төне қарап:

– Кімсің? – деді төтесінен.

Мен көңілге болмаса, абдырап қалдым да:

– Ақынмын, – деп сөзді қысқа қайырдым. Осы сәтте, қабағы қайта жадыраған Досхан аға:

– Әй, Тәке, мынауың өзіне тым сенімді ғой! – деді.

Мен де қарап отырмай:

 – Өзіме сенімім болмаса, қаламға жармасып нем бар, аға? – дедім. Қарқылдай күлді. Шамасы, күткені де осындай қияңқы жауап болса керек. Осы диалогтан кейін арамыздағы бейтаныстықтың пердесі алынып, іштесе бастағанымызды іштей түйсіндім. Өлең оқытты. Әңгіменің, ән мен күйдің тиегі ағытылған керемет мағыналы кеш болды. Рухани әлемім өлшеусіз байып, масаттанып қайттым.

Кеш соңында кітабымды бердім. Бірнеше күннен кейін хабарластық. Кітабым ұнаған сыңайлы. Амандықтан кейін:

– Әй, мықты, қалың қалай? – деді.

– Ағаға еркін сөйлеп үйреніп қалған әдетім бар. Артық сөзім болса кеше жүрерсіз, – дедім.

– Сенің еркелігіңді көтермесек, неғып жүрміз? – деді.

Мен әзіл-шыны аралас:

– Аға, менің еркелігім сабаймын деп Қажымұқанның кеудесіне мініп алатын Исаның еркелігі сияқты ғой. Айтып алып, ауырлап қалмаңыз, – дедім.

 –  Әліміз келетін болғасын айттық қой, – деді.

Содан бері талай қисынсыз еркелігімді көтеріп келеді. Осындай жақын тартуы мен пердесіз кейбір әзіл-қалжыңдары менің ол кісіге деген құрметімді еселеп арттырды. Осы кездесуден кейін өлең жаздым.

      Шыға алмай шырлап ұшып шәулі кеткен,

      Сипаған тентек дауыл сауырын еппен.

Неге-дүр, Сізді көрсем түседі еске –

Хантәңір, басы аппақ қар, бауыры көктем.

 

Хантәңір, басы аппақ қар, даласы орман,

Иығына қыран ғана ұя салған.

Заманда қабырғадан қар жауса да,

Кезі жоқ Хантәңірдің аласарған.

 

Сүйетін Хақтың нұры көктен құлап,

Бұл шыңға емес, сірә, аспан жырақ.

Даланы гүлге орайды, жанды жырға,

Бауырынан Хантәңірдің аққан бұлақ.

 

Айтқызған сөз емес, бұл өлең желі,

Жоқ мүлде ақиқаттың көнермегі!

Дос аға, биігіне көз жетпеген,

Сіз де бір биік шыңсыз өнердегі.

 

Уақыт салғанымен қанша қыспақ,

Мінезі тасқа біткен аршаға ұқсап.

Тарихтың қақ төрінде дара тұрар,

Кеудесін Хантәңірдей шалқақ ұстап.

Кейін хабарласып, осы өлеңді өзіне оқып бердім. Әзілге бұрды:

– Әй, мен байғұс енді осыған сеніп қаламын ғой, – деді. Қосыла күлдік.

[caption id="attachment_25991" align="aligncenter" width="667"] "Қазақ хандығы" сериялында[/caption]

Адамгершілік биік қасиет кісінің тұлғалық болмысын айшықтап тұрады. Бұл қасиет өнер иесінің табысқа жетуінің кілті болса керек. Ал Досхан Жолжақсынов –адамдық қасиетімен, қазақы болмысымен өнер биігіне шыққан тұлға. Оған таныстықтан аға-бауырлыққа жеткен осы уақыттардың ішінде көзім жетті. Таланты мен адамдық болмысы шебер үйлесім тапқан.  Досхан Жолжақсыновтың образ сомдаудағы даралығы – көрермен қауымның ыстық ықыласын тудырады. «Бандыны қуған Хамиттен» «Көшпенділердегі» Қалдан Серенге дейін қайталанбас образдар болып мәңгілік  есте қала бермек. Мұндай бірегейлік көптеген актерлерге бұйыра бермесе керек. Кейіпкер көңіліндегі психикалық тартысты мимикамен бейнелеуде, оның кейбір сөз жеткізе алмайтын сезімдерін көзбен жеткізу сияқты аса нәзік шеберлікті қажет ететін тұстарда Досхан Жолжақсыновтың актерлік таланты ашыла түседі. Көрермен, тіпті, кейбір киноларда оның екінші пландағы актер екенін ұмытып кетеді.

 Кино саласындағы ұзақ жылдық тәжірибе мен білім Досхан Жолжақсыновты  режиссерлікке алып келді. «Біржан сал» сияқты мықты кино оның бірінші режиссерлік жұмысы екеніне білмеген адам сенбес еді. Ал екінші жұмыс –  «Құнанбай» фильмі. Ол осы екі туындымен өзінің режиссерлік бітімін дәлелдеді.

«Біржан сал», «Құнанбай» фильмдері – тәуелсіздік жылдарындағы үлкен табысымыз. Екі кино, бір қарағанда, екі бөлек туынды болғанымен, шын мәнінде, трилогияның екі тарауы іспетті. Біржан сал – өткен дәурен, озған күнді, қазақтың қаздай қалқып, сұқсырдай шүйгіген еркін де дархан кезін көрген серінің соңғы тұяғы. Ол қазақтың сол ертегі заманының басынан қайтқан құстай ұзап бара жатқанын мойындағысы келмейді. Ерлік заманының сал-серілеріндей Алаш баласының алақанында жүргісі келеді. Оны ескінің көзі би Маңғабылдар ғана түсінеді. 

Есіңізге түсіріңізші, кинода мынадай мотив бар. Біржанның басы шырғаға түскен кезде экраннан қара боран шайқаған орманның жас шыбығы майысып, кәрі емені сықырлаған қысқа эпизод өтеді. Ол Біржанның ғана емес, күллі қазақтың тағдырын қақпақылдаған заман желі болатын. Соны аңдаған Біржанның сезімтал жүрегі желді күнгі тоғайдай аласұрады. Ал көз алдындағы күйбең тірлікке көңілі алданған Нұржандар оны қайдан сезсін, сондықтан да Біржанның: «Аға, сіздің өзегіңізді бір нәрсе оттай қари ма? Мені шоқтай шыжғырады» деген сөзі оған жынданған адамның сандырағындай сезіледі. Ашуландырады. Ол шерлі Біржанның қайғысын одан сайын қалыңдатады. Оның «қазақ қартайыпты, ел қартайыпты» деп күңіренетіні содан. Бұл сөз, шын мәнінде, қазақтың дәстүрлі қоғамы өзінің генетикалық мүмкіндігін сарыққанын, енді мүлде жаңа серпін мен соны өріс керегін меңзеген үлкен ұлттық дағдарыс сыйған лепес.

Қазақта «таң қараңғылығы» деген түсінік бар. Таң сыз берер алдында түннің ең қараңғы кезі болады. Бұл да сол көрдей қараңғы мезгілден естілген дауыс. Міне, тұтас киноның кішкене ғана бөлігінде біз аңдаған осындай астарлы сыр бар.

 Өзін «Шоқтай шыжғырған» дерттің жауабын таба алмаған сал Біржан шерлі домбыраға жүгінеді. «Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп, Дүние өтеріңде шырайландың-ау» деген қасіретті әуенмен кино аяқталып келе жатқанда, байлауда тұрған қара арғымақ тыпыршып, көсіліп шабар кең далаға тостақтай жанарын тігіп, тар қапасты шыр айнала оқыранғанда жылқы мінез қазақтың қайсысының көзіне жас үйірілмеді дейсіз? Қамаудағы сол тұлпар – бұғауда бұлқынса да кең даладан үмітін үзбеген қазақтың асау жүрегі еді. Оны Біржан сезбей кетіп барады... Міне, экранның мүмкіндігі, режиссердің шеберлігі. Нағыз қазақы кино. Киноның үнсіз тілі.

Біржанның жанын «Шоқтай шыжғырған» сол от одан сәл ғана ілкідегі Құнанбайдың да жанын жегідей жейді екен. «Құнанбайдағы» бір мотивті естеріңізге салайын, бір-бірімен аңдысқан, арбасқан, партияласқан қазақтың қансоқта күресінің ортасында жүрген көкжал Құнанбай оқыс ойлана қалғанда экранның бетінде қаржыса шапқан аламан бәйгенің арғымақтары шығады. Ауыздыққа қарысып, бір-бірімен егесіп, алға емінген аяусыз бәсеке. Бұл Құнанбайдың миындағы қалың ойдың егесі. Ішіндегі тоқтаусыз күресі.

«Құнанбайдағы» тағы бір елеусіз мотив – Бесжамбының дауындағы шақша қыдырту. Насыбайсыз жүрмейтін қазақтың билерінің дау үстінде мүйіз шақшаны бір-біріне жүгіртуі бір қарағанда ештеңе білдірмейтін сияқты. Бірақ, қысылған Құнанбайдың маңдайынан аққан тер саптамасына тамғанда шақша қыдыртудың себебі ашылады. Ол қалың қияс бидің қақпақыл қып ойнаймын дегені. Құнанбай осы шырғалаңнан да шығады. Бұл да қазақтың мінезін көрсететін қазақы мотив.

Кино соңында биік таудың баурайынан төбесі көрінген мұнаралы мешіттің ту сыртына бала Абайды жетелеген қарт Құнанбай келеді. «...ол жұмбақты сен шеш!» дейді бала Абайға. Бұл қанша қайсар туса да, заманынан озып жүрсе де, найза мен шоқпарға сенген заманның соңғы көкжалының аузынан айтылды. Ол өз заманының аттан түскенін, енді Абайдың, Алаштың заманы – білім мен өнердің заманы келе жатқанының ишарасы.

Екі фильмнің бір трилогияның екі тарауы болатын себебі осы.  Енді мұның соңғы тарауы болмағы лазым. Ол – Алаш кезеңі. Тар заманда туып, талайы теріс келсе де, тарих жүктеген міндетін асыра орындап кеткен Алаш арыстары жайындағы фильммен бұл трилогияның нүктесі қойылса құба-құп. Біржан мен Ақан көрген қайғы мен Кенесары мен Құнанбай көрген қансоқтадан  толғатқан қазақтың көңілі жүкті болған перзент – Әлихан. Біз Досхан Жолжақсыновтан осы фильмді күтеміз.

 Мықты сценарий мен шебер режиссерлік үйлесімнен әншінің төгіліп түскен шерлі мақамындай осындай сұлу өнер шықты. Бұл – қазақ өнерінің олжасы. Таласбек Әсемқұловтың стиліндегі өлшеусіз биік диалог, адамды тұтқындап алатын драмалық шиеленіс, академиялық дәрежедегі этномәдени білімі бұл кинолардың нық тірегі, табан тірер ұстыны болғанын да айта кету парыз. Таласбек Әсемқұловтың мезгілсіз қазасы  Досхан Жолжақсынов үшін ғана емес, жалпы қазақ өнері үшін орны толмас жоғалту болды.

Бір әңгіме барысында Досхан ағаның: «Киноның жұмысы деген қиямет қой, инемен құдық қазу оның жанында түк емес» дегені бар. «Құнанбай» фильмінің түсірілімі кезінде көмектестім. Кино түсірудің машақатын сонда білдім. Бірақ, «ердің сойы ертеңге іс қалдырмас» деген баба таныммен сізге шығармашылық табыс тілеген өзіңіздің «мықты ақыныңыз»!

Ербол АЛШЫНБАЙ, ақын


 

 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости