"Халықтан қашпаңыздар!" Ринат Зайытов елге "есігін ашпайтын" құзырлы органдарға шүйлікті

Сағыныш Сардарова 18 сент. 2024 14:24 2463

Депутат Ринат Зайытов Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, кейбір құзырлы органдар халықтың мұң-мұқтажына назар аудармай отырғанын жеткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ринат Зайытов Президент жолдауында айтылып жүрген тапсырмалардың бірі – «ашықтық пен әділеттілікті» іске асыруда Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдары мардымсыз жұмыс жасап отырғанына күн сайын көз жетіп отырғанын мәлімдеді.

"Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі, өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады.

Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма?" - деді депутат.

Зайытовтың сөзінше, ҚР ӘРПК 90-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында ҚР Жоғарғы Соты төрағасының азаматтарды жеке қабылдау міндеті көзделеді (20-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы). Өкініштісі сол. Бұл заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр.

Сонда, жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер т.с.с. мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! 

Қазақта: «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар,
Биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар» - деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар.

Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Сіздерден аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап (отписка) деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етулеріңізді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін!" - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости