Халықаралық балаларды қорғау күні: алматылықтар мерекені қалай тойлап жатыр

Dalanews 01 июн. 2024 13:35 1731

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні Алматы қаласында үлкен сән-салтанатпен тойланып жатыр. Негізгі мерекелік іс-шара қала тұрғындары көп жиналған Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтуде. Мұнда қонақтар үшін қазақ эстрадасының жұлдыздары, балалар вокалдық және би ұжымдары концерттік бағдарламаларын көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Концерт «Сармат» ансамблінің хореографиялық нөмірінің сүйемелдеуімен «Бозторғай» хорының орындауында «Болашақ» балалар әнұранымен басталды. Содан кейін танымал артистер мен жас таланттардың дуэт болып өнер көрсетті. «Славян базар» байқауының жеңімпазы, жас вокалист Шерхан Арыстан кішкентай Қарлығашпен бірге «Туған жер» әнін қосылып шырқады. 


Атақты күйші, Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева жас Ықыласпен бірге Құрманғазының әйгілі «Адай» күйін шертті. Ол талантты жастармен әрқашан өнер көрсетуге дайын екенін айтты.
Скрипкашы Алуа Мақанованың «Мәрмәр» жетіген ансамблімен бірігіп орындаған «Қарлығаш» классикалық туындысы әсерлі шықты. Ал, кішкентайынан танылған Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бақытты балалық шақ туралы әнімен Айгүл Үлкенбаева, Жігер Ауыпбаев, Алмас Кішкенбаев, Элизат Берікова, АРТ Сlassic тобы, Шаба Оразхан және Сәкен Майғазиев жастарға қолдау көрсетті. Әйгілі «Қазақ қыздары» әнін КешYOU тобы жас трио Алсу Ұлыхановамен, Айрис Құлбаева және София Балғазинамен бірігіп айтты.


«Барлығын халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Бүгін мен осы сахнада болып, бірге өнер көрсетіп, тәжірибемді бөліскеніме қуаныштымын. Шығармашылық жолда бұл өте маңызды», - деді Алмас Кішкенбаев.
«Біз бақытты баламыз» әнін концертке қатысушылар бірігіп орындап, артынша бағдарлама балалардың шығармашылық ұжымының өнерімен жалғасты. Күнің ыстығына қарамастан саябаққа халық көп жиналды. Олардың көпшілігі, әрине, балалар. Мұнда олар үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Көтеріңкі көңіл-күймен келіп, би биледі.
Алматыда балаларға арналған мерекелік іс-шаралар 30 мамырда басталды. Бүгін де мегаполистің барлық 8 ауданында аталып өтуде.
Бұған дейін Президент Jas Galym. Science Quest фестиваліне қатысушы балалармен жүздескен болатын. 


Рекомендовать
Последние новости