Халық стратегиялық бастаманы белсенді қолдады – депутат

Жарбол Кентұлы 07 окт. 2024 18:19 3985

Депутаттың айтуынша, АЭС қоршаған ортаға зиян тигізбейді

Парламент Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смағұлов АЭС салу мәселесі жөніндегі республикалық референдумның алдын ала қорытындысы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 71,12%-ы АЭС салу бастамасын қолдағанын еске салды.

– Халықтың АЭС салуды қолдап, дауыс беруінің нәтижесіне қарап, энергия тапшылығы артып келе жатқан уақытта азаматтардың стратегиялық бастаманы белсенді қолдағанын ерекше атап өткім келеді.

АЭС салу мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді, соңғы жылдары бұл тақырып қызу талқыға түсті. Атом электр стансасын қолдағандар да, оған қарсы шыққандар да табылды. АЭС-ті қолдағандардың ең басты аргументі – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі.

Елімізде энергия қуатына қажеттілік артып келеді, өйткені жаңа кәсіпорындар салынып, халық саны көбейіп жатыр. Осыған байланысты электр энергиясын тұтыну жылына кем дегенде 3 пайызға өседі. Алайда қолданыстағы ЖЭО және ГРЭС-тер баяғыда 70 пайызға тозған, – дейді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстан, өкінішке қарай, электр қуатын импорттауға мәжбүр. Былтырдың өзінде Ресейден 2 млрд киловатт-сағат импорттаған.

– Сыртқы нарықта электр энергиясын сатып алу қымбаттай түсетіні анық. Ал электр қуатынсыз экономика дамымайды, қазақстандықтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мүмкіндігі болмайды.

Дәл осы себептен референдумға дайындықтың алғашқы кезеңдерінде қазақстандықтар АЭС салу идеясын белсенді қолдай бастады, – дейді Смағұлов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, көмір стансаларына қарағанда АЭС – таза энергия көзі. 

– Осының бәрін ескеріп, АЭС экономиканың дамуы үшін өте тиімді және өңірдің экологиясына зияны жоқ, – деп санайды депутат.

Естеріңізге салайық, 6 қазанда елімізде АЭС құрылысы жөнінде республикалық референдум өтті.  Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша дауыс берген қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС-ті қолдаған.

 


Рекомендовать
Последние новости