«Хабар» көрсететін Қазақстан шын өмірде бар ма?

Dalanews 21 дек. 2015 02:21 974

«Хабарды» көрмегелі көп болды. Өзімізге керектіні ала алмағасын «Хабар» көзден де, көңілден де ұмытылды. Әлдеқашан ұмытылған... 
Кезінде ғой халық «Хабарды» көретін. Кешкі жаңалықтарын айтамыз. Сенетін. Ал қазір кім көреді? 
Айталық, «Хабар» көрсететін жаңалық немесе тарататын ақпарат сізге қаншалықты қызықты? Одан бұрын «Хабар» таратқан хабарға сенесіз бе? 
Қойыңыз, «сенемін» дегенге сенбейміз. Қазіргі тұрмысымызға қарасақ, «Хабар» бүгінгінің емес, болашақтың дүниесін айтып жатқандай көрінеді. Болашақта болуы мүмкін, орындалып қалуы кəдік армандар...
Енді ше, мемлекетіміздің өзі бізді соған сендіріп, керек десеңіз тəрбиелеп отыр ғой. Бақытты болашақ немесе "2030" немесе "2050" немесе...
maxresdefault (4)Бізге бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды, əсте. Біз бақытқа, бақуатқа бүгін емес, ертең кенелеміз. Күнде ертең...
Қарыштаған Қазақстан. Қарқынды даму үстіндегі Қазақстан. Тағы қандай теңеу бар еді? 
Анығында, «Хабар»  көрсететін Қазақстан шын өмірде жоқ. «Хабар» көрсететін Қазақстанда өмір сүргім келеді» деген сарказм (айтпақшы, сарказм əзіл емес) содан қалған. 
Биыл «Хабардың» құрылғанына жиырма жыл толды. Анығы, «Хабар» құрылғалы бері жиырма жыл өткен.
Көп дүние өзгерді. Ой, орта, көзқарас...
Бірақ өмір өзгергенмен, «Хабар» өзгерген жоқ. 
«Хабардың» кешкі жаңалықтарындағы Қазақстан шынымен де жұмақ мекен. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Асанқайғының арманы.
Иə, қаланың халқында таңдау бар. Ал ауылдағы жұрт бертінге дейін алданып келді, бір қызығы. Айналдырған төрт телеарна... «ОтауТВ» қосылғалы көзі ашылды. Қазақстанды басқа қырынан таныды жəне басқа қырынан көрді. Əлі де ілгеріде айтқан төрт телеарнаны тоқсан айналдырып отырған ағайын бар. Оларды аңқаулығы үшін сөге алмайсың, əрине. 
Мəселе мұнда емес делік. 
«Хабардың» жаңалықтарын екі жікке бөлуге болады, біздіңше.
Əлем-ақпарат немесе шетел жаңалықтары шылғай негативтен тұрады. Мысалы:
«Грекияның халі нашар», «Қара құрлықтың бəленбай елінде жарылыс болды» болмаса «Колумбияның халқы наразылыққа шықты», – дейді "Хабар". 
Жарайды, бүлік болмай-ақ қойсын. Бірақ қазіргі Қазақстандағы жағдайды боямасыз көрсетуге «Хабардың» жүрегі дауаламайды. 
Дағдарыс тереңдеді. Теңге құнсызданды. Бюджет ортайды... Айлық па? Айлық орнында қалды. Көбейгені 100 пайыз құнсызданған теңгенің жыртығын жамауға жетпейді. Есесіне, жер-жерде қысқарту көбейді. Үнемдеу басталды. 25 жыл бойы ертегіге сенген ел хаосқа түсті.
Иə, түсінікті. Жүрегі неге дауаламайтынын білеміз ғой. Басшылық бар, бақылау бар, тағы басқа үлкен-кіші себептер толып жатыр. Бірақ асыра мақтау мен артық пафостан халықтан бұрын, телеарнаның өзі зиян шегіп жатқанын əлгі «Хабардың» басшылығы білмеуі мүмкін емес.
«Хабар» көрерменінен баяғыда айырылған. Көзіқарақты көрерменнің «Хабардан» əлдеқашан көңілі қалған. 
Көңілі қалған көрермен қазіргі Қазақстанның ахуалын жақсы біледі. Олар «Хабардың» кешкі жаңалықтарын көрсе, көтеріліп кетеді. «Хабар» мұнысы қалай?», – дейді олар. 
Иə, өмір өзгергенмен, «Хабар» өзгерген жоқ. Айтпақшы, «Хабарды» көрмегелі көп болды...

Аль ФРЕДО


Рекомендовать
Последние новости