"Ұят қой, ұят...". Тәуекел Мүсілім Алматыдағы аула мәдениетін сынға алды

Көркем Алдабергенова 24 сент. 2024 10:39 4395

Тәуекел Мүсілім Алматы тұрғындарының қоқысты бейберекет тастайтынына қынжылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Танымал әнші мен актер өзі тұрып жатқан тұрғын үй кешеніндегі жағдайға байланысты пікір білдіріп, тұрғындардың қоқысты арнайы жәшікке емес, оның қасына тастап кететініне шағымданды. Мүсілім осы жағдайға реніш білдіріп, адамдарды тазалыққа мән беруге шақырды.

"Шаңсорғышты тазалау үшін сыртқа шыққан едім. Қоқыс тастайтын жердің сыйқы мынау. Адамдар неге сонша мәдениетсіздік танытады? Мына жерге жақындау мүмкін емес. Арғы жағында бос тұрған қоқыс жәшіктері әлі де толмаған. Соған қарамастан, тұрғындар қоқыстарын жерге тастай салған. Иә, білемін, мұны тазартып жинайтын кісілер болады. Алайда солай екен деп шаша бермеуіміз керек қой", – дейді әнші видеода.

Актер үндеу жасап жатқан сәтте, тағы бір тұрғынның қоқысты жәшікке жеткізбей лақтыра салғанын байқаған.

"Жаңа ғана айтып едім, тағы біреуі келіп, қоқысын бергі жаққа тастай салды. Бұл жолы әйел адам. Ұят нәрсе," – деп, актер өз ренішін білдірді.

Журналист, экобелсенді Думан Бықайдың айтуынша қоршаған ортаға қатысты әрекеттерге немқұрайлылық таныту немесе экологиялық мәселелерді елемеудің өзіндік термині бар.

"Экологиялық апатия деп аталады. Бұл құбылыс кең ауқымды мәдени, әлеуметтік және психологиялық себептерге негізделген және көптеген қоғамдарда әсіресе экологиялық білім мен сананы арттыру деңгейі төмен елдерде байқалады. Тереңірек үңілсек, экологиялық апатияның бірнеше негізгі себептері бар", - дейді журналист. 

Оның сөзінше, экологиялық апатия көбінесе экология туралы ақпараттың жеткіліксіздігімен байланысты.

"Адамдар қоршаған ортаны қорғау және қоқыс тастау сияқты мәселелердің маңыздылығын түсінбеген жағдайда, олар бұл әрекеттерге салғырт қарайды. Мектептерде, жоғары оқу орындарында және қоғамдық орындарда экологиялық білім беру жүйесі әлсіз болған кезде, адамдар экологиялық мәселелерге назар аудармауды әдетке айналдырады.

Қоғамда экологиялық апатияның кең таралуының тағы бір себебі - экологиялық мәдениеттің қалыптасуына бағытталған мемлекеттік саясаттың және қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің төмендігі. Егер елде экологиялық заңдар қатаң түрде орындалмаса немесе экологиялық науқандар халыққа түсінікті және тартымды түрде жеткізілмесе, адамдар экологияға мән бермейді. Сингапур, Жапония сияқты елдерде мемлекеттің қолдауы мен қоғамдық науқандардың кең таралуы арқасында экологиялық апатия деңгейі төмен", - дейді Думан Бықай.

Экологиялық апатияның басты себебі - адамдардың өздерінің әрекеттерінің қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететінін сезінбеуі.

"Көптеген адамдар «Менің бір қоқысымды тастағанымнан ештеңе өзгермейді» деген оймен жүр. Бұл түсінік қоршаған ортаға қатысты жауапкершіліктің болмауына әкеледі. Адамдар өзінің әрбір әрекеті табиғатқа ықпал ететінін түсінгенде ғана, экологиялық апатия азаяды. Мысалы, Германиядағы бөтелкелерді қайтару жүйесі адамдардың санасын өзгертіп, олардың әрбір әрекетінің қоршаған ортаға әсері бар екенін түсіндіреді.

Экологиялық апатияның тағы бір себептерінің бірі адамдардың экологиялық проблемаларды шешуге деген үмітін жоғалтуы. Үлкен экологиялық проблемалар (мысалы, климаттың өзгеруі, ормандардың жойылуы, қалдықтардың көбеюі) адамдарға әсер етіп, оларды «Бәрібір өзгерте алмаймын» деген сезімге жетелейді. Мұндай ойдан арылу үшін жүйелік өзгерістердің және ұсақ әрекеттердің де үлкен маңызға ие екенін көрсету керек.

Совет кезеңінде индустрияландыру басты бағыттардың бірі болғандықтан, табиғи ресурстарды пайдалану арқылы экономиканы дамытуға басымдық берілді. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі екінші орынға қалды. Өнеркәсіптік қалдықтарды, ауылшаруашылық жерлерді химиялық өңдеуді қадағалау төмен деңгейде болды, бұл табиғатқа деген немқұрайлы көзқарастың қалыптасуына әсер етті. Осылайша, мемлекет табиғи ресурстарды қатаң бақылауда ұстағанымен, азаматтардың жеке жауапкершілігі мен күнделікті әрекеттері экологиялық тұрғыдан дұрыс қалыптаспады. Мұның әсерін бүгінгі күні айқын байқауға болады", - дейді экобелсенді.


Рекомендовать
Последние новости