"Үстелді ыдысымен қоса төңкеріп жіберген". Салтанаттың ағасы Бишімбаевтың жаңа жылдағы қылығы туралы айтты

Көркем Алдабергенова 26 февр. 2024 10:08 7983

Экс министр Қуандық Бишімбаевтың марқұм әйелі Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасы мен енесінің қарым-қатынасы қандай болғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Қарым-қатынастары жақсы болатын. Тіпті «Салтанат, сен үй де жинамай-ақ қой, тамақ та жасама. Сенің басты міндетің – сұлу болып жүру. Жүр, дүкен аралап келейік» дейтін. Яғни ешқандай проблема болмайтын. Олар бір тұрғын үйде, әртүрлі пәтерде тұрған. Салтанат енесін жиі шай ішуге шақырып тұратын. Бірақ сол үшін де ұрсысып қалатын. Қуандыққа анасы жиі келетіні ұнамайтын. Мен, керісінше, менің жақындарым жақсы араласса қуанар едім. Әрине, Салтанат тұрмысқа шыққаннан кейін отбасылық өмірге көбірек назар аудара бастады», - дейді Айтбек Амангелді.

Оның сөзінше, бастапқыда Салтанатқа отбасылық өмір ұнайтын. Сонымен қатар, Салтанаттың ағасы Бишімбаевтардың отбасымен Жаңа жылды қарсы алған кезін еске алды.

«2023 жаңа жылын Салтанаттың жаңа отбасымен бірге қарсы алдым. Шынымды айтсам, бұл бір жабайы жаңа жыл болды. Сол кеште Бишімбаевтың отбасына деген агрессиясын алғаш рет көрдім. 

Жаңа жылдық кеште Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан да болды, әйелімен келген екен. Олар қонаққа келгендіктен Салтанатқа сыйлық әкелген көрінеді, ал тура сол уақытта Салтанаттың қолында дайын сыйлығы болмай, Қуандық сыйлаған әтірді берген. Қуандық бұған ашуланып, "бұл менің саған сыйлығым еді, қалай дәтің барды? Менің сыйлығым болғандықтан, оның тағдырын да мен шешемін" деді. Бәрі бір дастархан басында отырып, Бишімбаев пен Салтанаттың арасындағы жанжалды көріп, Қуандықтың ата-анасы да араласа бастады. Сонда Қуандық ауыр сөздер айтып, анасының да, әкесінің де аузын жауып тастады. Мен баланың ата-анасымен мұндай қарым-қатынасына таңғалып отырдым. Кейін жаңа жылды қарсы алғаннан кейін мен кетіп қалдым.

Мен бірнеше күнде Алматыға қайтатын болғандықтан, Салтанатқа 1 қаңтарда "кездесейік, кофе ішіп қайтайық, түндегі жағдай мені уайымдатып тұр, хабарда бол" деп жаздым. Сөйтсем, Қуандық мен кеткеннен кейін ата-анасы, кішкентай балалар, бәрі тамақтанып отырған үстелді тамағы, ыдысымен қоса төңкеріп жіберген екен", - деді Айтбек Амангелді.  

Еске салайық, атышулы оқиға 2023 жылғы 9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болды. Салдарынан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Ал экс-шенді қамауда отыр.


Рекомендовать
Последние новости