"Ұшақ пен тікұшақтарды қайтармаймыз!". Өзбектер тәліптерді орнына қойды

Dalanews 04 мая 2022 02:31 996

Өзбекстан билігі Ауғанстаннан ел аумағына келген әскери әуе техникаларын тәліптерге қайтармайды, өйткені ол Құрама Штаттардың мүлкі екенін мәлімдеді.

Бұл туралы "Америка дауысына" Өзбекстан президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Исматулла Иргашев хабарлады.

Биыл қаңтар айында "Талибан" Өзбекстан мен Тәжікстаннан 40 тікұшақты қайтаруын талап еткен.

Тәліптердің қорғаныс министрлігі өкілі Иноятулла Хорезми "Екі елдің (Өзбекстан мен Тәжікстан) өкілдеріне тікұшақтарды Ауғанстанның қазіргі билігіне қайтару туралы бірнеше мәрте ұсыныс жасалды" деп мәлімдеді.

Былтыр тамызда "Талибан" қозғалысы билікке келген соң ауған әскерінің 22 ұшағы мен 24 тікұшағы Өзбекстанға қонды. Ауғанның 18 дана әуе техникасы Тәжікстанға өтті.

Исматулла Иргашевтің мәлімдеуінше, әуе техникасына АҚШ үкіметі құн төлеген.

– Ол Ауғанстанның бұған дейінгі үкіметін қаржыландырды. Осылайша, біздің шешіміміз Вашингтонға тікелей байланысты болады. Біз әскери техникаларды АҚШ-пен арадағы келісімге сәйкес сақтап отырмыз. Оны "Талибанға" да хабарладық, – деді Исматулла Иргашев.


АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі "Америка дауысына" Өзбекстан мен Тәжікстан ұшақтар мен тікұшақтарды Ауғанстанға қайтармайтынын растады. Дегенмен Вашингтон бұл техникаға қатысты әлі түпкілікті шешім қабылдамаған.

Рекомендовать
Последние новости