ҰҚК бастығының бұрынғы орынбасарына 200 мың доллар пара берген Исаховтың соты өтіп жатыр

Көркем Алдабергенова 19 мар. 2024 14:52 3433

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл ақпаратты Шымкент сотының баспасөз қызметі өкілдері растады, бұрынғы шенеунікке қатысты Қылмыстық кодекстің 367-бабы, 4-бөлігі "Пара беру" бойынша іс сотта қаралып жатқаны айтылды. Ресми мәлімет бойынша, іс бойынша басты сот 12 наурызда басталған.

Айта кетейік, Мақсұт Исахов 2023 жылы 20 шілдеде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу барысында ол қамауға алынды. Бұған дейін тергеу органдары оқиғаның егжей-тегжейін жарияламаған болатын.

"Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, барлық қажетті тергеу және жедел-іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге де мәліметтер жария етілмейді", - деп хабарлады бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Otyrar.kz мәліметінше, Мақсұт Исаховқа қатысты іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары ҰҚК бастығының бұрынғы орынбасарына 200 мың доллар көлемінде пара берді деп айыпталып жатыр.

Айта кетейік, Мақсұт Исахов 2020 жылғы ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. Қалалық әкімдікте көлік және автомобиль жолдары, еңбек инспекциясы, туризм, дене шынықтыру және спорт, ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ, цифрландыру саласы, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелеріне жетекшілік етті.


Рекомендовать
Последние новости