Ұлттық ұлан атомдық және маңызды энергетикалық нысандарды қорғайды

Dalanews 22 нояб. 2023 03:15 5433

Әскери қолбасшылықтың жедел-аумақтық органы болып саналатын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ел қорғанысындағы маңызы зор. Бұл құрылымға бағынысты әскери бөлімдердің қызметі стратегиялық мүддесі бар мемлекеттік нысандарды қорғауға, қоғамдық тәртіпті қадағалауға, төтенше жағдайларды жоюға, сондай-ақ қорғаныс күштерін нығайтуға, елдің шығыс өңірінің ұлттық қауіпсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған. Осындай салмақты міндетті мойнына алған «Шығыс» құрылымы жауынгерлік жарыстардың қорытындысы бойынша да бірнеше жыл қатарынан өңірлік қолбасшылықтар арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің жетекшісі, капитан Бағдат Амангелдіұлы жауынгерлік міндеттер мен әскери қызметкерлердің тұрмысы, тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп берді.

 

– Бағдат Амангелдіұлы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің қызметі мен міндеттеріне не кіреді, кеңірек айтып берсеңіз?

– Өткен жылы құқық қорғау жасақтарының құрыла бастағанына 30 жыл толды. Демек, біздің қолбасшылық үш онжылдық қатарынан әскери қызметтің міндеттерін асқан жауапкершілікпен атқарып келді. Осы үрдісті бұдан кейін де сақтаймыз деген сенімдемін.

Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметінің маңызды түрлерінің бірі қоғамдық тәртіпті қорғау әрі қадағалау болып саналады. Патрульдік қызмет бөлімшелері еліміздің қалаларында қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының әскери қызметшілері қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық, оның ішінде халықаралық маңызы бар іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте Ұлттық ұланның бөлімшелері ерекше маңызды нысандарды, нақтылай айтқанда атомдық және энергетикалық кәсіпорындарды қорғауды қамтамасыз етеді. Оларға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттері де жүктеледі, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарымен де айналысады.


Ал «Б» арнайы жасақ бөлімшелері еліміздің аумағында қарулы қылмыскерлерді залалсыздандыру, заңсыз әскерилендірілген немесе қарулы жасақтардың, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін тоқтату бағытында арнайы операцияларға қатысады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 1962 жылы құрылып, содан бері жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын түрлі заңсыз шабуылдардан қорғау мақсатында қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындап келеді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының даңқты жолын даталармен сабақтасақ: 1961 жылы 6638 әскери бөлімі ірге қалады, оның бірінші командирі майор Иван Минович Лазаренко болған. Бұл әскери құрылымды 250-ші жеке ішкі және конвойлық қауіпсіздік дивизиясы деп те атады. 1962 жылы әскери бөлім Жауынгерлік Тумен марапатталды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Шығыс бөлімшесі Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы болып қайта аталды. Ал 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері Ұлттық ұланы болып қайта құрылды.

Айта кету керек, 6638 әскери бөлімінің әскери дәстүрлері қызметтік-жауынгерлік және арнаулы тапсырмаларды орындауда, оның ішінде құқық тәртібін, стратегиялық объектілерді қорғауда, табиғи апаттар мен қоғамдағы тұрақсыздық салдарын оқшаулауда айқын көрініс тапты. Мәселен, алдыңғы жылғы қаңтарда орын алған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде біздің жауынгерлеріміз өздеріне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындады.

Сонымен қатар құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ жауынгерлік жарыс қорытындысы бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бірнеше жыл қатарынан өңірлік қолбасшылықтар арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді.

– Ұлттық ұлан халықаралық деңгейде қандай елдермен ынтымақтастық орнатқан? Жоғарыдағыдай міндеттерді мойнына алған құрылымға мұндағы бағыттағы шаруалар да аса қажет сияқты.

– Әлбетте, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскери кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, құрылымдық бөлімшелердің қызметін ұйымдастыру және қолдау саласында тәжірибе алмасу мәселелерінде мемлекеттер арасындағы өзара құрмет, егемендік пен тең құқықтылық негізде халықаралық ынтымақтастықты ретімен жүзеге асырып келеді.

Мұның ішіне мәдени және спорттық өзара әрекеттесу де кіреді. Олардың қатарында Ресей Ұлттық ұланы, Беларусь Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері, Түрік Республикасының жандармериясы мен Қытай Халық Республикасының Халықтық қарулы полициясы, сондай-ақ басқа да елдердің қауіпсіздік күштері бар. Олармен түрлі бағытта тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

– Әскери бөлімдер барлық қажетті құрал-жабдықтармен, қару-жарақтармен жеткілікті түрде жабдықталған ба және өткізіліп жатқан оқу-жаттығулардың рөлі қандай?

– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер жеке құраммен, қажетті қару-жарақпен, жауынгерлік, арнайы техникамен және материалдық ресурстармен нормативке сай жабдықталғаны алға қойылған міндеттерді ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді.

Әскери бөлімдерді даярлау нормативтік құқықтық актілердің талаптарына, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жедел даярлықтың негізгі мақсаты өңірлік қолбасшылықтың басқару органдарының және әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірліктерінің жоғары деңгейіне жеткендегі іс-қимылдарға тұрақты жауынгерлік (жұмылдыру) және жедел дайындығын қамтамасыз ету, дағдарысты жағдайларда жедел іске кірісу, сонымен қатар, террористік қауіп төнген оқиғада сақадай сай болу дегенге саяды.


Кәсіби дайындықты ұдайы жетілдіру мақсатында жоспарға сәйкес оқу-жаттығу жиындары, жаттығулар, қызметкерлерді оқыту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, жуырда Өскеменде аппарат басшысының орынбасарларына арналған оқу-әдістемелік жиын өтті.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ұлттық ұланның 40-қа жуық офицері қатысқан оқу-жаттығу жиынында өңірлік қолбасшылықтардың, Ұлттық ұлан академиясының және әскери бөлімдер әскерилерінің қызметі мен әскери әзірлігін сарапқа салғанбыз. Онда апта бойы гвардияшылар күзететін нысанға шабуылды тойтару тактикалық тәсілдері мен әдістері бойынша тәжірибелік сабақтар өтіп, офицерлер әртүрлі позициялардан оқ ату, шабуылдаушыны ұстау және жою жұмыстарында дайындық мәселелерін пысықтады. Кәсіби дайындықтарын тексеру мақсатында офицерлер қызметтік міндеттері мен басқару құжаттарының талаптарын білу бағытында тест тапсырды. Жиын барысында «Әскери бөлімдегі кезекшінің және оның көмекшісінің дағдарыстық жағдай кезіндегі іс-әрекеті» сияқты түрлі тақырыптарда сынақ сабақтары ұйымдастырылды.

Бір айта кетерлігі, мұндай іс-шаралардың легі жылдың төрт мезгілінде де, әртүрлі орындарда жалғасын тауып отырады.

– Бағдат Амангелдіұлы, тәртіп сақшыларының қоғамдық тыныштықты күзетудегі жұмысы жайында не айта аласыз?

– Патрульдік қызметті атқару, қала көшелерін қарау кезінде тәртіп сақшылары жедел басқару орталығынан келіп түскен хабарламаларға жедел әрекет етеді. Құқықтық тәртіпті сақтауда біз мемлекеттің бет-бейнесіміз деп айта аламыз, сондықтан көптеген халықаралық іс-шараларда бізге қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктеледі. Бұл дегеніңіз, біле білгенге үлкен әрі жауапты шаруа.

Біздің тәртіп сақшылары кезекшілікте болмаса да, демалыс күндері немесе серуендеп жүрген кезінде де қиын жағдайларда азаматтарға қол ұшын созудан қаймыққан емес. Демек, біздің қатарымыздағы әрбір жауынгердің мақсат-мұраты сол десем, қателеспеймін. Күн сайын мұның көптеген мысалын да көріп-біліп жүрміз.

Мәселен, Үлбі өзенінің маңында қалып қойған әскери бөлімнің сарбазы ефрейтор Тілек Құмарбеков суға батып бара жатқан баланы ажалдан құтқарып қалды. Ол кезде біздің батырымыз да ерлік жасағанымен, суға батып кете жаздады, оған жақын маңдағы адамдар көмекке келді.


Тағы бір мысал. Өскеменде еңбек демалысында жүрген әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметкері, сержант Ризабек Қанапиянов туысы Манарбек Ауғанбаевпен бірге өртеніп жатқан үйден көршісін аман алып қалған. Бұл ретте әскери адамның өзі де ерлігі туралы ешкімге тіс жарып айтпаған, бөлімше командирі гвардияның ерлігі жайында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасынан білген.

Содан кейін сержант Ризабек Қанапиянов адам өмірін сақтап қалуға байланысты төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен кәсібилігі үшін арнайы наградамен марапатталды. Бұл оны қанаттандырғаны сөзсіз. Бұл жерде ол ерлікті марапат аламын деп жасамағанын тағы ескеріңіз.

– Бағдат Амангелдіұлы, керемет! Енді әскерилер үшін өзекті тақырыпқа оралсақ, олар қандай әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген, мемлекеттен қандай жеңілдіктер қарастырылған, баспанамен қалай қамтамасыз етілген?

– Өте маңызды сауал, мемлекет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп жатқанын білесіздер. Оның ішінде офицерлер мен әскери қызметкерлердің келісімшарт бойынша үш жылға жалақысын 70 пайызға дейін арттыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекет есебінен әскери-медициналық мекемелерде кепілдендірілген медициналық көмек көрсету, сондай-ақ қаражатты өтеу шаралары бар. Бұл қаржыны медициналық қызметтердің кепілдік берілген көлемінің шегінде емделуге жұмсай алады.

Тұрғын үй мәселесіне келсек, келісімшарт бойынша барлық офицерлер мен әскери қызметкерлерге жалдамалы баспанада тұру үшін ақша төленеді. Сонымен қатар олар «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеке баспана сатып ала алады.

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тіпті, шешімін тапты десек те болады. Мұның да игілігін көреді деген ойдамыз сарбаздарымыз.

– Әскери қызметкер болғысы келетіндер сіздердің қатарларыңызға қалай қосылады? Қандай да бір шарттары немесе талаптары бар ма?

– Әскери қызметке кіру үшін ең алдымен физикалық тұрғыдан сап-сау және психикалық ахуалы тұрақты болу маңызды. Көбінесе Ұлттық ұланда қызмет еткендердің көбі құқық қорғау органдарында қызмет ету үшін қалып жатады.

Әскери ант қабылдау алдында әскерге шақырылғандардың барлығы жас сарбаздар курсынан өтіп, онда қызмет ету ережелері жан-жақты оқытылады, сондай-ақ заңнамалық базамен таныстырылады.

Офицерлер корпусы екі санатқа бөлінеді: әскери білімі бар, оған әскери университет қабырғасында алған мансаптық офицерлер және азаматтық жоғары оқу орындары мен олардың жанындағы әскери кафедраларды бітірген запастағы офицерлер кіреді. Мысалы, Өскемен қаласында тиісті білімді Шығыс Қазақстан техникалық университетінің әскери кафедраларында алуға болады.


Ал мансаптық офицер болу үшін Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтына түсу керек, онда курсанттар төрт жыл бойы оқу курсынан өтіп, оқуды аяқтағаннан кейін олар әртүрлі лауазымдарда қызмет етеді. «Әскери ерлік», «Офицер намысы», «Сарбаздың ерлігі» деген ұғымдар бар, бұл жастарды мамандық таңдауда біздің қатарымызға жиі тартады, бірақ ол үшін қайсарлық, табандылық және жеңіске деген ұмтылыс қабілеті сияқты ерекше қасиеттер қажет екенін де есте ұстаған жөн. Қорқыныш пен қиындықтардан қаймықпау керек.

Бүгінгі таңда әскери мамандық абыройлы да құрметті, өйткені әскери қызмет қай заманда да абыройлы іс, ерлік пен жанқиярлық мектебі болған. Әлі де солай бола береді.

– Әңгімеңізге рахмет! Сарбаздарымыздың күші сарқылмасын!

Сұхбаттасқан Асхат ҚОЙШЫҒАРАҰЛЫ

Рекомендовать
Последние новости