Ұлттық пантеонда Назарбаевтар әулетіне орын жоқ

Сағыныш Сардарова 22 февр. 2024 09:51 2533

Астана маңындағы Ұлттық пантеонға жерленетін адамдардың тізімі өзгереді. Тиісті өзгерісті Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындады. Құжатқа сүйенсек, Президенттердің отбасы мүшелері де бұл тізімнен алынып тасталмақ, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанның ұлттық пантеоны - Астана қаласынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде, Қабанбай батыр ауылының маңында орналасқан элиталық зират. Пантеон Қабанбай батыр кесенесінің негізінде салынған. Мұндай шешім 2014 жылы қабылданды, ал құрылыс 2015 жылы басталды. Осылайша нысан 2020 жылғы маусымда пайдалануға берілді.

Енді жаңа өзгеріске сай мына адамдар ғана пантеон аумағында жерленеді:

  • Қазақстан Президенттері;
  • Қазақстан премьер-министрлері және олардың орынбасарлары;
  • Парламент палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары;
  • Мемлекеттік кеңесшілер, Президент әкімшілігінің басшылары;
  • Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және Ұлттық банктің төрағалары;
  • Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың әкімдері;
  • "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек ері" атақтарына ие болған тұлғалар;
  • "Алтын Қыран", "Отан", "Еңбек Даңқы" ордендерімен наградталған азаматтар;
  • "Кеңес Одағының батыры", "Социалистік Еңбек ері" атағына ие болған азаматтар;
  • "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған азаматтар;
  • Президенттің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;
  • пантеонға жерленетін адамдармен олардың жұбайлары жерленуі мүмкін.

Демек енді пантеонға жерленетін адамдар тізімнен Қазақстан Президенттерінің отбасы мүшелері, мемлекеттік хатшылар мен Конституциялық кеңестің төрағалары шығарылады.

Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапатталған азаматтар тізімнен шығады. Тиісті өзгеріс "Тұңғыш Президент - Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңы күші жойылғанына байланысты енгізілген.

Бұл қаулы жобасы 4 наурызға дейін жария талқылауда болады.


Рекомендовать
Последние новости