"Ұлттық мүддені ұмытыппын". Ақаев туған халқынан кешірім сұрады (видео)

Dalanews 08 авг. 2021 16:13 1007

Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев "Құмтөр" жобасын іске асыруда жіберген кемшіліктері үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz Sputnik Қырғызстанға сілтеп.

Ақаевтың айтуынша, 1992-93 жылы "Құмтөр" алтын кеніші бойынша келісімге қол қойылған сәтте қырғыз билігі ұлттық мүдделерді ұмытып, канадалық компанияға көп жеңілдік жасаған.

"Бұл қылмыс! Бұған сол тұстағы қырғыз үкіметі ғана кінәлі емес, ел экономикасы мен экологиясына орны толмас зиян келтірген келісім үшін мына мен де жауаптымын.

Қателік жібергенімді мойындаймын және сол үшін де күллі қырғыз халқының аяғына жығылып кешірім сұраймын.

"Құмтөр" жобасы бойынша қырғыз халқының сенімін ақтай алмадық. Үкімет тарапынан жүйелі әрі тиісті бақылау жүргізілмеді, соның салдарынан канадалық инвесторларға кенішті толық иемденуге мүмкіндік беріп қойдық.

Менің есебім бойынша қырғыз халқы кеніштің 40 пайызына иелік етуі керек еді, алайда Үкімет қол қойған құжатта тек 33 пайыз деп көрсетілген.  Бұл оларға орасан зор пайда әкелгенімен, Қырғызстан экономикасы үшін түкке тұрғысыз дивидендтер мен экологиялық зардаптардың жылдан жылға өсуіне әкелді", - деді Ақаев.

Айта кетелік, осыған дейін Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың Бішкекке ұшып келгенін хабарлаған болатынбыз.

Жапаров билігі Ақаевты 1992 жылы "Құмтор" жобасы бойынша бас келісімді бекіту кезінде сыбайлас жемқорлыққа барды деп айыптады.

2005 жылдың наурызында болған төңкерістен кейін Ақаев Мәскеуге кетіп, сонда жұмыс істеді. Бұрынғы президент содан бері өз елінде болмаған еді.

https://youtu.be/XBj9Pmb1ZK4

https://dalanews.kz/minez/14019-as-ar-a-aev-ksro-ny-sa-tap-alu-kerek

Рекомендовать
Последние новости