Ұлттық банк төрағасының мәлімдемесі Үкімет мүшелерін селт еткізді

Кәмшат Тілеухан 15 окт. 2024 15:48 1921

Ұлттық қорға қол салып, бюджеттің жыртық тұсын жамап-жасқауға шебер Үкімет мүшелері өз міндеттерін осылай оп-оңай орындауды жөн көреді. Бұл – бізде болатын жыл сайынғы көрініс. Ұлттық банк те, әдетте бұған басын шұлғи, алда құрдай жорғалай жөнелетін. Алайда бұл жолы орталық банк Үкіметті селт еткізіп, көптеп бері алғаш рет бұл істен қалыс қалғысы келетінін ашық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық қор активтерінің өсімі тек инвестициялық табысты ғана қолдайды. Трансферттердің жоғары көлемі бағаларға тікелей қысым жасай отырып, ақшалай ұсыныстарды арттырады. Мұның бәрі базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендетудегі кеңістік аясын айтарлықтай шектейді", - деді 2024 жылы 15 қазанда өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, Ұлттық қорға түскен түсімнен алынып жатқан ақша көлемі көп.

"2024 жылғы трансферттердің жалпы көлемі 6 трлн теңгеден асады, ал 2024 жылдың басында бұл шек 3,6 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған болатын", деп еске салды Сүлейменов.

Осылай деген Сүлейменов, шын мәнінде бірнеше жылдан бері "Қазақстанда бюджеттік дағдарыс болатын күн таяп қалды" деп дабыл қағып жүрген сарапшылардың пікірлерін қайталап, нақтылап отыр.  

Үкімет тәуелсіз сарапшылар пікірлерін, әдетте елемейді. Бірақ Ұлттық банктің бұл жолы сарапшылар қауымы жағына шығуы өз жайын күйттеуден туындауда. Өйткені олар қазір инфляцияны тұрақтандыру бойынша негізгі міндеттерін орындауда қауқарсыздық танытуда. Ал шенеуніктер трансферттерсіз Тоқаевтың 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыру туралы тапсырмасын орындай алмайды. Онсыз да ОПЕК шектеулері бір жағынан қысып жатқаны аян. Осы жағынан алғанда, бүгін Үкіметте мүдделер қақтығысы орын алды десе де болады.


Рекомендовать
Последние новости