Ұлттық банк сәуірде Ұлттық қордан 1 миллиард доллар сатуды жоспарлап отыр

Қаракөз Амантай 01 апр. 2025 12:05 630

Қазақстан Ұлттық банкі сәуір айында Ұлттық қордан 950-1050 миллион доллар көлемінде валюта сатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, наурыз айында Ұлттық қордан 748 миллион доллар сатылған. Бұл қаражат республикалық бюджетке трансферттер бөлуге және «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар 2025 жылдың наурызының қорытындысы бойынша, квазимемлекеттік компаниялардың шетелдік валюталық түсімдерінің міндетті түрде сатылуы аясында шамамен 376 миллион доллар сатылған. Қалған бөлігі екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатылды.

Наурыз айында Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) үшін биржалық сауда-саттықта 250 миллион доллар сатып алған. Бұл жалпы нарық көлемінің шамамен 6%-ын құрады. Сәуір айында бұл көрсеткіш 250 миллион доллардан аспайды деп болжанып жатыр.

Сондай-ақ наурыз айының қорытындысы бойынша теңге 1%-ға әлсіреп, 1 доллар үшін 504,2 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы жалпы сауда көлемі 4,1 миллиард долларға жетті.

Ұлттық банк наурыз айында валюта нарығына интервенция жүргізген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости