Тұғыры биік тәуелсіздіктің мерейтойына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік тағылымы» атты салмақты мақаласын барша Қазақ елі жұртына мәлім етті.
Мақалада Тұңғыш Президент арғы бабаларымыздың күні бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының басынан өткерген тарихи тағдырын тарқата сараптайды. Ол Ел тарихы шежіресіндегі өтпелі тарихи оқиғаларды өмір тарихындағы естеліктері мен көрегендік, аңғарымпаздық қасиеті арқылы баяндайды. Ел тұтқасы – Тәуелсіздікке жету жолындағы батыл қадамдар мен 30 жылдағы еліміздің даму тарихының кезеңдерін өзінше саралайды, баға береді. Бір қуанарлық жәйт, Елбасы тағдыр тәлкегімен шетелге қоныс тепкен қандас бауырларымызды қайтару мәселесін бұл жолы да ерекше атап өтті. Мақалаға терең бойласаңыз, әр халықтың өсіп-өкендеуі мен дүниежүзіне өзін-өзі әйгілеуі жолында «Тәуелсіздіктің» қаншалықты қастерлі де тұғырлы ұғым екендігіне көз жеткізесіз. Шынында да, қазақ халқы үш ғасырға жуық уақытта жаугершілік заманды өткерген, жетпіс бес жылдай әміршіл-әкімшіл жүйеден езіліп-жанышталған халық, енді міне, қайсар халқымыз өткенді еңсеріп, азат елдің өрендері қатарында қайта өсу, даму, жаңғыру жолына түсті.
Бүгінде Тәуелсіз еліміздің азаматтары бойынан, ойынан еркіндік рухы сезіледі. Мұның өзі мемлекеттегі әрбір азаматтың еркін ойлау, еркін пікір айту мүмкіндігі барын білдіреді. Осы орайда, ел тұтқасын бекем ұстаған, кемел ой иесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деген салмақты пікірі ойға оралады.
Халқымыздың тәуелсіздік тарихын зерделеуге деген ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Оған дәлел, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың идеясымен қабылданған «Халық тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалық мақалалары. Бұл ауқымды жобалардың барлығы дерлік ұлт тарихын зерделеу мен насихаттауға бағытталған, қазіргі күнде жемісті нәтижелерге қол жеткізіп те келеді. Елбасының «Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым» деген сөзінің өзі тарих ғылымы мәртебесінің биіктігін көрсетеді.
Қазақ тарихында тәуелсіздік жолында қаншама ұлт қайраткерлері жанкешті арпалысқа түскені тарихтан мәлім. Оның ішінде Алаш ардақтыларының тәуелсіздік туралы идеяларының салмағы басым. Осыдан бір ғасыр бұрынғы олардың ұлттық тілді, ділді, рухты жаңғыртудағы ұлы істері бүгінгі «тәуелсіздік» атты қастерлі құндылыққа жеткізді.
Өз алдына азат ел атанғалы төл тарихымыз да еркін ойлау бағытымен жазылып, зерттеліп келеді. Тәуелсіздіктің арқасында алыс және жақын елдердегі архив қорларынан бұрын-соңды жарық көрмеген, ғылыми айналымға енбеген деректерге қол жеткіздік. Мұның барлығы да тарихшылар үшін үлкен мүмкіндіктердің даңғыл жолын ашты. Кеңестік заманда тарихи зерттеулер еңбектері маркстік-лениндік құрсау шеңберінен шыға алмай жазылса, қазірде тарихшылар ұлттық мүдде тұрғысынан кез келген тақырыпта қалам тербеп, зерттеу жүргізе алады. Соның айғағы, қазақ тарихының қара шаңырағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы жүзеге асырылып жатқан іргелі зерттеу еңбектері.
Бүгінде айтылып жүрген «қазақ мемлекеттілігі», «интеллектуалды ұлт қалыптастыру» идеясы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқа да қайраткер азаматтардан бастау алады. Жақында ғана жарық көрген Ресейлік ғалым Виктор Козодой «Әлихан Бөкейханов. Дәуір адамы» атты кітабында: «Әлихан Бөкейханов қайшылыққа толы тарихи кезеңде тек қана ұлттық деңгейдегі көшбасшы ғана емес, ол жалпы әлемдік деңгейде алып қарағанда тұғыры биік тұлға бола білді» деген көзқарасын алға артады. Сонымен бірге ол Бөкейхановтың «еуразияшылдық идеясының» негізін қалаушы және осы жобаны саяси тәжірибе ретінде бірінші болып ұсынған тұлға екендігін айтып өтеді. Бұл жағдай қазақ халқы тағдырындағы ұлт қайраткерлерінің еңбектері мен тарихи тұлғасын зерттеуге деген шетелдік ғалымдардың қызығушылығы қуантады.
Алайда, ұлт тарихында көшпелі өмірдің демократиялық-мәдени құндылықтарын зерттеу кенже даму жолына түсті. Ел тәуелсіздігі бұл мәселені обьективті де шынайы көзқараспен қарастыруға зерттеуші-ғалымдар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты. Бұған дейін Патшалық Ресей, Кеңес үкіметі кезеңдері тұсында қазақ тарихының кейбір мәселелері отарлық биліктің ығына қарай жүргізілді.
«Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Елбасы «Біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік» - деген сөзі бар. Бұдан шығатын тұжырым – бүгінгі күндегі әрбір тәуелсіз елдің азаматы білім мен өнердің озық үлгілерін меңгеру арқылы ғана әлем елдері алдында тәуелсіздік тұғырын жығып алмай, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ететін болады деген ой деп түсінемін.
«Тәуелсіздік» – қазақ мемлекеттілігінің негізгі арқауы. Тәуелсіздіктің басты қызметі – елдің тұрақты және орнықты дамуының кепілі бола отырып, ең маңыздысы – мемлекеттілік құндылығын сақтау. Менің ойымша, бұл қызмет сәтті орындалуда.
Қорыта айтқанда, ұлт қайраткерлерінің идеялар шоғыры – ең алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы сынға толы кезеңнен де халық бірлігін жоғалтпай, осы күнге дейін аман алып шықты. Осы тұста тәуелсіздік үшін тоқтаусыз, ұзақ жылдар бойы күрес жүргізген ұлт азаматтарының идеялары мен өмір тарихы кез келген жас өренге өнеге.
Ақнұр ОРАЛОВА, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері