Тимур Құлыбаевтың активтеріне қатысты құпия құжаттар табылды

Көркем Алдабергенова 16 окт. 2024 09:18 2176

Тимур Құлыбаевтың олигополия субъектілерінің құпия тізіміне енгізілгені туралы құжаттық дәлелдер табылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.Aqsha-ға сілтеп.

Бұған дейін экс-президенттің күйеу баласына тиесілі түрлі активтердің ара-тұра тәркіленетінін ескерсек, бұрын бұл болжам ғана болатын.

Nege.Aqsha арнасының қолда бар құжаттарында заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның 2023 жылғы 13 қазандағы шешімімен Құлыбаев «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» Заңының субъектілерінің тізіліміне енгізілгені айтылады. 2023 жылдың желтоқсанында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің талабы бойынша 2025 жылдың ақпанына дейін уақытша шаралар қолданылған.

Атап айтқанда, Құлыбаевқа, оның бақылауындағы «Қамқор Менеджмент» ЖШС-не, «Азаматтарға арналған үкімет» және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» мемлекеттік мекемесіне кез келген нысанда иеліктен шығару әрекеттерін жасауға тыйым салынды. Бұған қарыздық және өзге де міндеттемелерді жасауға, мүлікке үшінші тұлғалардың кепілдігіне және өзге де құқықтарына ауыртпалық салуға және оларды сенімгерлік басқаруға беруге бағытталған мәмілелер, сондай-ақ «Теміржол жөндеу» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% үлесінен дивидендтер төлеу жатады. Сондай-ақ, 2024 жылдың 4 қаңтарында компанияның Астанадағы жылжымайтын мүлкіне, оның ішінде шеберханаларға, теміржолдарға, гараждарға, қоймаларға және жер телімдеріне тыйым салулар мен шектеулер енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Теміржол жөндеу» серіктестігі теміржол және автомобиль жолдарын салу және жөндеумен айналысады және «Қамқор Менеджмент» холдингінің құрамына кіреді.


Рекомендовать
Последние новости