Түркістандық дәрігерлер шала туған үшемнің өмірін сақтап қалды

Dalanews 07 апр. 2021 18:05 912

№3 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері небәрі 1,5 келі салмақпен туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп бүгін перзентханадан шығарды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұрпағы көбейіп, өрісі кеңейген отбасының жас ана мен шала туған шақалақтардың өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз. Дәрігерлердің айтуынша, жүктіліктің 32-ші аптасында әйелге жедел ота жасауға тура келген. Алғаш рет ана атанған Динара Мұхитованың жақындары бүлдүршіндірге Хадиша, Фатима, Захра есімдерін берген.

Дәрігерлер аман алып қалған үш қыз мерзімінен бұрын дүниеге келіп, бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылыпты.

№3 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан. Жас отбасы Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының тұрғындары.

– 10 наурыз күні үшем дүниеге келді. Енді дүниеге келгенде нәрестелердің өкпесі дұрыс дамымай ИВЛ-апаратында жатты. Кейін 10 күннен соң жан сақтау бөлімінен ауыстырылды. Алғашқыда салмақтары – 1 келі 480 грам, келі 180 грам және 1 келі 460 грамм болды. Бүгінде сәбилердің денсаулығы жақсы, – дейді  №3 Облыстық перинаталдық орталығының сарапшы дәрігері Гүлайша Ерназарова.

Айта кетсек, былтыр облыстық перинаталдық орталығында 9793 сәби дүниеге келген. Жыл басынан бері 2652 нәресте туылған.

Рекомендовать
Последние новости