Шаһардың табиғи тынысына айналған жасыл аумақты күнделікті қадағалауды қадап айтты. Егілген ағаштардың тамыр жайып, жерсінуі үшін жұмысты жан-жақты, жұмыла, жанашырлықпен атқаруды жүктеді.
– Көгалдандыру – көптің ісі. Бұған бәріміз қатысуымыз керек. Бүкіл ел болып, жабылып, егілген көшеттерді көгертуге атсалысқан жөн. Тұрғындар да жұмылып, жанашырлық танытса. Соншама еңбек зая кетпесін. Әр ағаштың түбін тексеріп шығыңдар. Суарылған, тыңайтқыш қолданылған болсын, – деді облыс әкімі.
Түркістан қаласын абаттандыру үшін бөлінген 32 секторда 33 мың ағаш егілген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. 32 секторда әртүрлі ағаш отырғызылған. Көшелер жарықтандырылып, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылды. Субұрқақтар қойылып, веложолдар төселіп, газон егілген. Апта сайын 32 сектор аумағында аудан, ауылдардан келген азаматтардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылуда. Қаланы көркейту бір үлгіде жүзеге асып жатыр.
Түркістан шаһарын көркейтіп, экологиялық жағдайды жақсарту үшін кешенді жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Ол үшін сектор аумағында ұңғымалар қазылып, жер асты сулары пайдалануда. Әр талдың түбіне су жеткізіліп, тамшылатып суару жүйесі жүргізілуде. Жасыл көшеттерді желден, суықтан және басқа да сыртқы факторлардан қорғау үшін ағаштар қорғаныш жіппен байланып, тіреулермен қоршалған. Түркістандықтардың тікелей атсалысуымен бірқатар «Халықтық жоба» жүзеге асып жатыр.
Климаты тым құрғақ Түркістанның аптап ыстық, аңызақ желінде жасыл желекті жайқалтудың ауырлығын білікті ғалымдар да талай айтып келеді. Өйткені егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен. Көшеттің жерсіну көрсеткіші өзге өңірлерде 70 пайызды құраса, Түркістан аумағындағы деңгейі 50%-дан аспайды.