Түркістандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында 13 мың тарихи құжат бар

Dalanews 05 дек. 2018 10:58 1711

Түркістандағы саяси қуғын сүргін құрбандары мұражайының қорында он үш мыңдай тарихи құжат бар.

Көбісі «Халық жауы» атанып, атылғандарға тиесілі. Бұл тізім жылына 10-15 адамға толығып жатыр.
Музей қызметкерлерінің ОҚО ІІД-іне тікелей шығып, дерек сұрата алар құзіреті бар. Сол арқылы талай адам табылыпты. Музей қоры әлі де толығатын түрі бар. Өйткені кезінде «халық жауының ұрпақтары» деген сөзден қорқып, үреймен күн кешкендер бүгінде ата-балалары туралы деректерді сұратуда екен.

Музей директорының орынбасары Гүлмира Серікбаеваның айтуынша, Абайдың ұлы Тұрағұл Шымкентке келіп көз жұмған. Тұрағұлдың сүйегі қазіргі Қорғасын зауытының астында қалған.


Сол Тұрағұлдың жалғызы Гүлбаданның туған қызы Айгүл Мүштарқызы Шымкент қаласында тұрады екен. 

"Бұл – бір парағы ашылғанымен де мың парағы ашылмаған тарих қой. Қазақстан бойынша 1937-38 жылдары 120 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 113 мыңы еш кінәсі болмаса да сотталған. Соның ішінде «25 мың адам атылды» деген дерек бар. Ал «ОҚО бойынша 2 500 адам атылды» делінгенімен, нақты емес. Облыстық ішкі істер департаментінен алынған мәлімет бойынша 4001 адам атылған. Сұрау салып жүріп, анықталған нақты мәлімет осы. Бұл дерек еш жерде айтылмайды. Көбінесе «2500 адам атылды» деген әу бастағы мәлімет айтылып жүр. Тарихымызға құрметпен қарайтындар мұны да ескерсе екен», – дейді ол. 

Ұлт үшін жанын қиған боздақтарымыз туралы білер жұрт аз. Тарихшылар мен музейдегілер білмесе қалың бұқара мән-жайынан хабарсыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының елеусіз қалып қоятыны көңілге қаяу түсіреді. Мектеп оқулықтарында да қалқып қана өтеді. Тереңдетіп оқытпайды. «Қазақ тарихында ойып орын алатын Алаш ардақтыларына лайық құрмет көрсетілсе» деген қалауымыз ғана бар.

Рекомендовать
Последние новости