Түркістанда инвестиция көлемі 288 млрд. теңгеден асты

Dalanews 28 янв. 2019 09:32 818

Түркістан облысы бойынша өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 288 млрд. 76 млн. теңге болып, 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 пайыз артқан.

Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп, ауыл, орман және балық шаруашылығы және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар салаларына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 80,7 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі – 232 млрд. 376 млн. теңге.

Бұдан өзге, 2019 жылғы 1 қаңтары бойынша Түркістан облысында 14 059 заңды тұлға тіркелген. Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалардың жалпы санындағы облыстың үлесі 3,2 пайыз. Облыста заңды тұлғалардың жиі тіркелетін қызмет түрі – ауыл, орман және балық шаруашылығында.

Сонымен қатар, облыстағы бөлшек сауданың көлемі өткен жылы 148 286 млн. теңгеге жетіп,  2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға өсті. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде азық-түлік тауарларының үлесі – 27 %, азық-түлік емес тауарлары – 73%. Көтерме сауданың көлемі 69 млрд. 784 млн. теңгеге жеткен. Көтерме сауда тауар айналымының құрылымында 53,4 пайызын азық-түлік емес тауарлар және өндірістік-техникалық мәндегі өнімдер алады.

Сондай-ақ, 2018 жылы Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі – 235 млн. АҚШ долларды құрады. Оның ішінде экспорт – 179 млн. АҚШ доллары, импорт – 56 млн. АҚШ доллар.

Түркістан облысындағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің саны 2019 жылғы 1 қаңтарындағы есеп бойынша 130 804 бірлікті құрады, бұл 2018 жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 6,4 пайызға жоғары. Қазақстан Республикасы бойынша жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің 10,5 пайызы Түркістан облысына тиесілі.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости