Түркістанда «Ұлағатты ұрпақ» жобасының алғашқы кездесуі өтті

Dalanews 19 окт. 2019 03:27 766

Түркістандағы облыстық жастар ресурстық орталығында «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараевпен кездесу өтті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған кездесуде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың журналистика бөлімінің студенттері мен түркістандық жастар спикерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, саяси сананы жаңғырту, қоғамдық диалог орнату мәселелері қозғалды. Осыған орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде диалогтық алаңдар ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Жаңа жоба осы тапсырманы орындау бағытында қолға алынып отыр.

Кездесуде Нұрмұхамед Байғараев Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс пен маңызды өзгерістер тұрғындардың санасына оң әсер ететінін айтты.

«Кезінде елордамызда құрылыс қарқынды жүргенін білеміз. Бүгін Түркістандағы жұмыстарды көріп, елорданың сол бір кезеңімен ұқсастықты аңғарғандай болдым. Әрине, Түркістанның тарихи маңызы ерекше. Дегенмен, бірнеше жыл бұрын орталықтан алыс, аймақтық қалалардың бірі еді. Ал қазір облыс орталығы ретінде дами бастады. Республиканың назары сіздерге ауып тұр.  Енді осы шаһардағы тұрғындардың менталитеті, ойлау жүйесі өзгереді. Ол бірден байқалмауы мүмкін, бірақ, ел өзгерісті сезінеді. Бұл ретте өздеріңіздей жастарға сенім артылады. Сіздер университеттегі біліммен шектеліп қалмай, қосымша ізденіп, білімді тереңдету арқылы ғана  биік шыңды бағындыра аласыздар», – деген ол жаңа медианың дамуы, газетті оқылымды ету, шетел мен Қазақстандағы БАҚ саласындағы үрдістер туралы ой қозғады. Қоғамға экономика, қаржы саласы, заң және саясат тақырыптарында сараптамалық мақалалар қажет екенін айтты. Еркін сұхбат әрі пікір алмасу форматында өткен кездесуде түркістандық журналистер мен жалынды жастар белсенділік таныта білді.

Алдағы уақытта «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясындағы кездесулер облыстың аудан, қалаларындағы білім ұяларында тұрақты түрде өтіп тұрады. Жобаға қоғам қайраткерлері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, өнер және спорт саңлақтары, өнертапқыштар мен кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар, атқарушы билік пен құқық қорғау саласының өкілдері жоғары сынып оқушыларымен және студенттермен кездесу өткізеді.  Олар өз саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың талап-тілектерін тыңдайды деп жоспарланған.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости