Түркістанда тоңазытқыш пен мұздатқыш шығаратын зауыт салу бойынша келіссөздер сәтті өтті

Dalanews 07 нояб. 2023 02:41 1209

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Украинаның «UBC Group» компаниясының басшысы Игорь Гуменныймен кездесіп, келіссөз жүргізді. Аталған инвестор Түркістан облысында сусындарды салқындататын тоңазытқыштар мен тоңазытқыш сөрелерін, мұздатқыштар шығаратын зауыт ашуға ниетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы инвесторға Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетін таныстырып, жұмыс істеуге шақырды. Жобаны жан-жақты талқылап, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Түркістанға қош келдіңіздер! Түркістан Қазақ елі үшін, Түркі әлемі үшін – қасиетті қала. Мұнда ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген. Қазақ хандығының астанасы болған. Бес жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, тарихи шаһар облыс орталығына айналды. Біз Түркістан өңірі мен облыс орталығын өндірісі, кәсіпкерлігі дамыған орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз.

Зауыт салуға жер, инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеміз. Жерілікті мамандарды бірлесе даярлауға да дайынбыз. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтарымыз бар. Жол картасын әзірлеп, екі тарап өз міндеттерімізді орындау мерзімін нақтылайық. Сол бойынша жұмыс жүргіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.


Игорь Гуменный Қазақстанда алып кәсіпорын ашуға ниетті екенін айта келе жылы қарсы алған Түркістан облысы әкіміне ризашылығын білдірді.

– «UBC Group» – Шығыс Еуропадағы ең танымал әрі өндірістік қуаты мықты компаниялардың бірі. 5500 адам жұмыс істейді. Біздің зауыттарда өндірілген салқындатқыш техникалары, сусындарды сақтайтын тоңазытқыштар мен салқындатылған тауар сөрелері, шкафтары Еуропа мен Азия елдерінде сұранысқа ие.

Сусын шығаратын атақты трансұлттық компаниялар бізбен тығыз жұмыс істейді. Түркістанға бір зауытымызды ашатын болсақ, бастапқыда 300 адам, толық қуатына енгенде 1200 жұмысшы қажет болады.

Жергілікті тұрғындарды үйрету үшін мамандар да шақырылады. Бізге әзірге жалға үлкен ғимарат берілсе, кейін жер қарастырылса, және тиісті қолдаулар болса, әріптестік орната аламыз. Түркістанда шығарылған тауардың 60 пайызын  экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.


Кездесу барысында қос тарап жобаны жан-жақты зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Осы іссапарында инвесторлар Түркістандағы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақты аралап көрді. Сонымен бірге Кентау қаласы мен Ордабасы ауданындағы индустриалды аймақтардың жұмысымен танысады.

«UBC Group» сауда-өнеркәсіп холдингі – тоңазытқыш техникасы саласында жұмыс істейтін әлемдік көшбасшылардың бірі.

Компания әлемнің 120 еліне өнім жеткізеді.

Рекомендовать
Последние новости