Түркістанда қазақ- корей бірлескен оқу орнын ашу жөніндегі маңызды келіссөз жүргізілді

Dalanews 13 июн. 2024 05:41 2706

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Оңтүстік Корея мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Астана қаласында Кореяның Вусонг білім беру қорының төрағасы Ким Джон Хёнмен арнайы кездесіп, келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Білім беру бағытында қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған кездесуде Түркістан қаласында ақпараттық технологиялар саласындағы Қазақстандық WOOSONG университетін құру туралы алдын ала келісім барысы талқыланды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады. Жаңа білім ордасының инновациялар мен озық технологиялар орталығына айналары анық.

- Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы білім беру ынтымақтастығын тереңдету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бүгінгі кездесу Түркістан қаласында Ақпараттық технологиялар саласындағы Қазақстандық WOOSONG университетін құру туралы алдын ала келісімді талқылауға және қол қоюға арналған. Бұл біздің облысымызға ғана емес, бүкіл Қазақстанға үлкен пайда әкелетін маңызды жоба екендігіне сенімдіміз. Woosong қорының ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибесі мен біліктілігі біздің білім беру жүйесінің дамуына баға жетпес үлес болады. Біз студенттеріміз бен оқытушыларымыздың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін заманауи білім мен технологияларғақол жеткізуін қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі - адами капиталды дамыту. Бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулер және студенттер мен оқытушылар алмасуы ақпараттық технологиялар саласында жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қолайлы жағдайлар жасайтынына сенімдіміз,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жаңа білім ордасын ашу жобасының Түркістан өңірінің дамуындағы маңызды қадам болмақ.
Бұл инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етері анық. Филиал Түркістан қаласында жоғары оқу орындарының бірінің базасында орналасады. Түркістан облысының әкімдігі жатақхана және басқа да техникалық қолдау көрсетуге дайын. Жоғары оқу орнын ашу туралы келісімге 2024 жылдың ақпан айының басында Вусон университеті делегациясының Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілді.


Рекомендовать
Последние новости